Сұхбат... Жақсы сөз жарым ырыс
Тіл – үлкен ниғмет. Жақсылығы да, жамандығы да үлкен. Жәннатқа да, тозаққа да апарады. Көлемі кіші, зардабы үлкен. Адамның иманды немесе имансыз болуы ауыздан шығатын сөздеріне байланысты. Ауыздан шыққан сөз я шындық, я өтірік. Басқа мүшелердің өрісі, ауқымдылығы шектеулі. Құлақ тек естиді, көз тек қана көреді. Ал тілдің өрісі кең. Жақсылық немесе жамандыққа себеп болу үшін өте кең мүмкіндіктерге ие.
Адам болмашы, мәнсіз деп ойлаған кейбір сөздердің кесірінен құрдымға кетеді. Хадис шәрифте былай делінеді: «Адам маңызы жоқ деп ойлаған бір сөз айтады. Бұл сөз Аллаһу та’аланың разылығына сай болғаны үшін қияметке дейін оған разы болады. Тағы бір адам мән бермеген бір сөзінің кесірінен қияметке дейін Аллаһу та’аланың ашуына ұшырайды». (Тирмизи).
Аллаһу та’ала разылығын жақсылықтар ішіне, ашуын күнәлардың ішіне жасырған. Мән берілмей жасалған, болмашы деп ойлаған бір күнә Аллаһу та’аланың ашуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан әрбір сөзімізге мұқият болуымыз керек.
Ғайбаттау, сөз тасу, орынсыз мазақ, шегінен асқан қалжың, сөз таластыру және осыған ұқсаған зиянды әңгімелерден аулақ болу керек. Не жақсы сөйлеу керек, не үндемеу керек. Барлық адамдарға жылы сөзді, жылы жүзді болу, ешкімді ренжітпеу, көркем мінезді болу керек. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Тілін тыйған адам құтылады». (Тирмизи).
«Аллаһқа және ахиретке сенген адам не жақсылық айтсын, не үндемесін!» (Бұхари).
«Ең оңай ғибадат үндемеу және көркем мінез». (Ибн Әбиддүния).
«Мүмин алдымен ойланады кейін сөйлейді, ал мүнафиқ (екі жүзді) ойланбастан сөйлейді». (Хараити).
«Адамның қателерінің, кемшіліктерінің көбі тілінен келеді». (Табарани).