Untitled Document

Сұхбат... Дұғаның қабыл болуы үшін

Дұға – Аллаһу та’алаға жалбарынып, тілегін, қалауын сұрау деген сөз. Аллаһу та’ала дұға етіп жүретін құлын қатты жақсы көреді. Дұға етпейтін құлына ашуын түсіреді. Дұға мұсылманның қаруы, діннің негізі, тірегі және жерлер мен көктерге жарық шашатын нұр болып табылады. Дұға – басқа келген бәлелерді қайтарады, келмегендерінің келуіне тосқауыл болады. Аллаһу та’ала Құран кәрімде: «Маған халис (таза) көңілмен дұға етіңдер! Мұндай дұғаларды қабыл етемін», деп бұйырған.

Аллаһу та’ала барлық нәрселерді себеппен жаратуда, ниғметтерін себептері арқылы жіберуде. Сол секілді зияндарды, дерттерді кетіру үшін және пайдалы нәрселерді беру үшін де дұғаны себеп қылған. Бүкіл пайғамбарлар дұға еткені секілді үмметтеріне де дұға етулерін әмір еткен.

Дұғаның қабыл болуы үшін алдымен күнәларға өкініп, тәубе ету керек, истиғфар (әстағфируллаһ) айтып, садақа беру керек, иманын әһли сүннет ғалымдарының білдіргендеріне сәйкес түзету керек, дұғаның қабыл болатынына сену керек, тізерлеп құбылаға қарап отырып, алдымен хамд (шүкір) және салауат айту керек. Осылай айтылған дұға қабыл болмаса да сауабы мол болады. Дұғаның қабыл болуы үшін халалдан тамақтанып, халалдан киіну керек. Харам азық жеген адамның дұғасы қырық күн қабыл болмайды.

Дұғаның қабыл болуы үшін сұраған нәрсенің себебіне жүгіну керек. Аллаһу та’ала барлық нәрсені себептерімен жаратқан. Дұға етумен қатар шарасын қамдану, себебін іздеу керек. Дұға еткенде Аллаһу та’ала адамды сол тілеген нәрсесінің себебіне қауыштырады және себебіне әсер, қуат береді. Намаздардан кейін жасалған, пайғамбарымыздың және әулиенің қабірлерінің жанында, олардың құрметіне деп айтылған дұғалар тез қабыл болады.