Сұхбат... Үміттен, бірақ сенімді болма!
Мүминнiң иманы қорқу мен үмiттiң арасында болуы керек. Аллаһу та’аланың азабынан қорқу қажет. Бiрақ мейірімінен, кешірімінен бiр мезет болсын үмiттi үзбеу керек. Күнә iстеуден сақтанып, иманнан ажырап қалудан қорқу керек. Сондай-ақ қаншама көп күнә iстеген болсақ та, Аллаһтың кешiрiмдiлiгiнен еш үмiт үзбеуіміз, күнәларымыз үшiн тәубе етуіміз керек. Өйткенi тәубе еткен адам ешқандай күнә iстемегендей болады. Қаншама көп ғибадат етсек те құтылатынымызға сенімді болмаған жөн.
Адамның ахиретте иманды болатын-болмайтыны оның соңғы демінде белгілі болады. Алпыс жыл кәпір болған адам өлімнен аз уақыт бұрын мұсылман болса, ахиретте мүмин (иманды) болып тіріледі, жәннаттық болады. Хадис шәрифте: «Бір адам бүкіл өмір бойы тозақ отына апаратын күнәлар жасайды. Бұл адам соңғы күндерінде жәннатқа апаратын жақсылықтар жасап жаннатқа кіреді» делінген.
Суфян Сәури хазрет: «Үш ұстазға шәкірт болдым. Үшеуі де заманының ең ғалым адамдары еді. Өлім уақытында үшеуі де дүниеден имансыз кетті. Олардың мұндай жағдайын көріп қорқыныштан омыртқа сүйегім бүгіліп қалды» деген.
Сондықтан мұсылман Құран кәрімдегі сүйіншіленген аяттарға иман етіп сенуімен қатар, қорқыныш пен үміт арасында болуы керек және Аллаһу та'аланың шексіз ихсандарын да күтуі керек.
Жүректегі үміт қорқудан көбірек болғаны жөн. Мұндай болған адамның ғибадаттары зауықты болады. Жастарда қорқудың, ал кәрілерде үміттің көбірек болғаны жақсы деп айтылған. Қорқусыз үміт, үмітсіз қорқу рұқсат емес. Өйткені қорқусыз болу құтылатынына сенімді болуға, ал үмітсіз болу адамды қайғыға, үмітсіздікке түсіреді. Мұның екеуі де рұқсат емес. Аллаһу та’ала хадис құдсиде: «Құлымды мені ойлағанындай қарсы аламын» деген. Хадис шәрифте де былай делінеді: «Қорқу мен үміт арасында болған мұсылман үміт еткеніне қауышады, қорыққан нәрсесінен амандықта болады».