Рамазан сұхбаты... Қадір түні (Ләйлә-тул-қадр)
Қадір түні Рамазан айының ішіндегі Құран кәрімде мадақталған ең қадірлі түн болып табылады. Аяти каримада: «Қадір түні мың айдан қайырлы» делінген. Құран кәрім Расулуллаһқа осы түні түсе бастады. Рамазанның соңғы он күні және түнінен іздеу керек.
Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Аллаһу та’аланың алдында ең қадірлі түн – Қадір түні». (У. Нәжат).
«Қадір түнінде бір рет «Қадір» сүресін оқу Құран кәрімді хатым етуден де сауапты. Бұл түні қой сауымындай уақыт намаз оқу, ғибадат ету бір ай барлық түнді ғибадатпен өткізгеннен де артық». (Тәфсири муғни).
«Қадір түнін сеніп және сауабын күтіп, ғибадатпен өткізген адамның Аллаһу та’ала өткен барлық күнәларын кешіреді». (Бұхари, Муслим).
Сұрақ: Қадір түнінің маңыздылығы қандай және 27-ші түні екендігі нақты ма?
Жауап: Қадір түні – Рамазан айының ішіндегі бір түн. Қадір түнінің қай түн екендігі нақты белгісіз. Ғұламалар «Аллаһу та’ала разылығын жақсылықтардың ішіне, ашуын күнәлардың ішіне, «орта намазын» бес уақыт намаздың ішіне, әулиесін адамдардың арасында, ал Қадір түнін Рамазан айының ішінде жасырған» деген.
Сұрақ: Қадір түнінің белгілері қандай? Қадір түніне дәл келу (табу) үшін Рамазанның барлық түндерін қалай өткізу керек?
Жауап: Рамазанның барлық түнін Қадір түні деп ойлап әрекет етсек Қадір түніне дәл келген боламыз. Әр күні ең аз дегенде мыналарды орындау керек:
1) Құптан намазында зәм сүре ретінде «Қадір» сүресін оқу,
2) Қадір түнінде оқылатын дұғаны оқу,
3) Бір-екі бет Құран кәрім оқу,
4) Діни кітаптардан бір-екі бет оқу,
5) Аз да болса садақа беру,
6) Түнде сәре уақытында, екі рәкат намаз оқып, «Сілсілие алия» деп аталатын әулиелерді атап, бұл ғалымдардың құрметіне деп дұға ету,
7) Күнін де түні секілді ғибадатпен өткізу керек.