Untitled Document

Рамазан сұхбаты... Рамазанда жұрттың көзінше тамақ жеу

Сұрақ: Рамазанда «Аллаһтан жасырмағанды құлдан жасырам ба?» деп ашықтан-ашық ішіп-жейтіндер кездесіп жатады. Ораза тұтқандардың көзінше бірдеңе шайнап отыру күнә емес пе?

Жауап: Рамазанда өзгелер көретін жерде ішіп-жеген кісілер күнә істеген болады. Күнәны ашық түрде де, жасырын түрде де істеу рұқсат емес. Бірақ нәпсіне, шайтанға еріп күнә істеген адам күнәсын жасыру керек! Күнәны жасыру бірнеше тұрғыдан пайдалы:

1) Егер күнәларымыз мәлім болмаса қуану керек! Раббымыз: «Күнәны жасырыңдар» деп бұйырған. Сүйікті пайғамбарымыз да былай деген:

«Адам дүниеде күнәсын жасырса, Аллаһу та’ала да қияметте бұл күнәсын құлдарынан жасырады». (Мүслим).

2) Аллаһу та’ала ашықтан-ашық, ұялмастан күнә істейтіндерді жек көреді. Бірақ мұңайып күнәсын жасырып жүргендерді жасырғаны үшін кешіруі мүмкін. Хадис шәрифте былай делінген: «Бір күнәға түскен адам, Аллаһтың жамылғысын оның үстінде қалдырсын!» (Мүслим).

3) Күнә істеген кезде ең болмағанда халықтан ұялу керек! Басқаларға өзі туралы сөз айтқызбау, ғайбат еткізбеу үшін күнәны жасыру керек! Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Ұят – бастан аяқ қайыр». (Бұхари). 

«Ұят иманнан». (Бұхари). 

«Ұятсыздың, арсыздың діні болмайды және ұятсыз адам жәннатқа кіре алмайды». (Дәйләми).

4) Жаман үлгі болмау, басқаларға да күнә істеуге деген батылдық бермеу үшін күнәны жасыру керек! Осындай себептер үшін ашықтан-ашық күнә істемеу керек, жасырын болса да күнә істеуден сақтану қажет! Өйткені күнәлар адамды өлтіретін у сияқты. Иманы бар адам күнә істеуден аса қорқады. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Мүмин істеп қойған күнәсын таудай үлкен етіп көреді, басып қалмаса екен деп қорқады. Ал мұнафиқ күнәсін мұрнына қонған және тез ұшып кететін шыбын сияқты көреді». (Бұхари).