Тұлға... Салахаддин Айюби
Салахаддин Айюб әулетінің негізін қалаушы. Сирия сұлтанының Нұраддиннің әскер басыларының бірі – Айюб ибн Шадидың ұлы. 1164, 1167, 1168 ж. Нұраддиннің әскері қатарында Мысырды бағындырды және крест жорықтарына қарсы күресті. 1169 ж. Мысырдағы халифтың уәзірі болып тағайындалды. 1171 ж. Фатима әулетінен шыққан соңғы халиф Адид өлгеннен кейін Египеттегі үкімет билігін басып алып, өзін сұлтан деп жариялады. 1174 ж. Нұраддин қайтыс болғаннан кейін оның Сириядағы иеліктерін және оған шектес Ирак билеушілерінің ұсақ иеліктерін өзіне бағындырды. 1187 ж. Салахаддин бастаған біріккен мұсылман әскерлері Хиттин түбінде кресшілерді талқандап, Иерусалимді алды. 1189 жылдың қарсаңында Сирия мен Палестина кресшілерден толық азат етілді. Салахаддин 3-ші крест жорықтары кезінде (1189-92) мұсылмандар әскерін басқарды. Ол кресшілерді күйрете талқандаған алғашқы мұсылман қолбасшысы болды. Осыдан кейін кресшілер Таяу Шығыстағы иеліктерінен біртіндеп айырыла бастады. Салахаддиннің ішкі саясаты Мысырдағы жер иеліктерді бөліп беруге, медреселер салуға, алым-салықты азайтуға бағытталды. Өмір сүрген жылдары: 1137 – 4 наурыз 1193.
Ғибрат...
Жиырма секундта істемекшісің бе?
Хазреті Жунәйд Бағдадиге бір күні шайтан келіп:
– Ей, Жунәйд, сен сияқты жоғары мәртебеге көтерілген басқа бір ұлы адамды көрмедім. Жиырма жыл бойы саған ешбір қалауымды жасата алмадым, бұны қалай істей алдың?- дейді. Хазреті Жунәйд Бағдади былай деп жауап береді:
– Доғар малғұн! Енді келіп, мені өз-өзін жақсы көру ауруына ұшыратып құртқың келді ме? Жиырма жылда істей алмағаныңды жиырма секундта істемекшісің бе? Кет алдымнан!