Untitled Document

Рамазан сұхбаты... Тарауих намазын оқу сүннет

Сұрақ: Тарауих намазын ер-әйел әр мұсылманның оқуы керек пе? Жамағатпен және мешітке барып оқу шарт па?

Жауап: Тарауих намазы туралы «Нур-ул изах» шәрһінде және хашиясында (түсіндірмесінде) былай жазылған:

«Ер адамдардың және әйелдердің жиырма рәкат тарауих намазын оқуы муәккәд (бекітілген) сүннет болып табылады. Бұған сенбеген адам бидғат, адасқан ағымға түскен болып саналады және қазылықта, ғибадаттарда оның куәгерлігі қабылданбайды. Расулуллаһ бірнеше түн тарауихты жамағатпен сегіз рәкат қылып оқыды. Үйіне қайтқан соң жиырма рәкатқа толықтырды. Жалғыз өзі жиырма рәкат оқығаны да хабар берілген. Төрт мазһабта да жиырма рәкат болып бекітілген. Сүннет екені осыдан аңғарылды. Үш халифа дәуіріндегі сахабалардың барлығы жамағатпен жиырма рәкат оқыды. Сол халифаларға және сахабалардың ауызбірлігіне бағынуымыз хадис шәриф арқылы әмір етілген».

Тарауих намазы құптанның соңғы сүннетінен кейін және үтір намазынан бұрын оқылады. Құптанды оқымай тұрып тарауихты оқуға болмайды. Үтірден кейін таң намазына дейін оқуға болады. Таң атқан соң тарауих оқылмайды, қазасы да өтелмейді. Өйткені тарауих намазы күшті сүннет болғанымен, ақшам мен құптанның соңғы сүннетіндей күшті емес. Ал ол сүннеттердің қазасы оқылмайды. Тек қана парыз намаздардың және үтір намазының қазасын оқу қажет. Тарауих намазының қазасы шафии мазһабында оқылады.

Тарауихты жамағатпен оқу сүннет кифая болып табылады. Мешітте жамағатпен оқылса, басқалар үйінде жалғыз оқуына болады, күнә болмайды. Бірақ мешіттегі жамағаттың сауабынан мақұрым қалады. Үйде бір немесе бірнеше адам жамағатпен оқыса, жалғыз оқығаннан жиырма жеті есе артық сауап алады.