Рамазан сұхбаты... Оразаға қатысты сұрақ-жауаптар (1)
Сұрақ: Дәрет алғанда немесе ауызды шайғанда қалған ылғалды жұту оразаны бұза ма?
Жауап: Ауызды шайғаннан кейін ауызда қалған ылғалды түкірікпен қоса жұту оразаны бұзбайды.
Сұрақ: Аузы берік екенін ұмытып ішіп-жесе ораза бұзыла ма?
Жауап: Бұзылмайды, есіне түскенде тоқтатуы керек.
Сұрақ: Тұмау ауруына байланысты мұрнымнан су ағуда, оны қақпай ішке қарай жұтуым оразаны бұза ма?
Жауап: Бұзбайды.
Сұрақ: Ауыздағы түкірікті, қақырықты жұту оразаны бұза ма?
Жауап: Ешқайсы бұзбайды.
Сұрақ: Сәре тамағын жеп болып, имсак уақытына жақын тісімді тіс пастасымен жуамын. Аузымды қанша шайғанмен дәмі аузымда сезіледі, бұл жағдай оразаны бұза ма?
Жауап: Бұзбайды.
Сұрақ: Ораза кезінде дәрет алғанда ауызға, мұрынға суды аз алуға бола ма?
Жауап: Иә, болады.
Сұрақ: Гель, крем, дезодорант қолдану оразаны бұза ма?
Жауап: Ешқайсы бұзбайды.
Сұрақ: Қол, бет, дене лосьондары немесе кремдерінің құрамында спирт болғаны үшін, намаз оқығанда және ораза тұтқанда бұл кремдерді қолданбау керектігі, нәжіс саналатыны дұрыс па?
Жауап: Жоқ, мұндай қоспа спирттер кешірілген болып саналады.
Сұрақ: Құлаққа дәрі тамызу оразаны бұза ма?
Жауап: Иә, бұзады.
Сұрақ: Рамазанда аузым берік кезде әйелімді сүйсем ораза бұзыла ма?
Жауап: Қарапайым сүю (мәселен үйден шығарда қоштасу секілді) рұқсат болады. Ал шәхуатпен (құмарлықпен) сүю рұқсат емес. Жүніп болу қаупі бар болса сүю мәкрух болады. Сүйгенде жүніп болса оразасы бұзылады және қазасын ұстауы керек болады. Малики мазһабында ораза кезінде әйелін сүю харам.