Рамазан сұхбаты... Оразаға ниет
Рамазан және нәпіл оразаға ниеттің алғашқы уақыты күн батқаннан (ақшамнан) кейін басталады. Соңғы уақыты ертеңіне түскі намазға бір сағат қалғанға дейін болады. Ал қаза және кәфарат оразаларының ниеті ақшамнан имсак уақытына дейін жалғасады.
Рамазанда оразаға ниет еткенде ақшамнан имсак уақытына дейін «ертең ораза тұтуға», имсактан кейін «бүгін ораза тұтуға» деп айтылады. Жаңылысып қате айтылса да ораза тұтатын күні мәлім болғаны үшін зияны жоқ. Рамазанда бір айлық оразасы үшін жалпылама бір рет ниет етуге болмайды, әр күніне бөлек бөлек ниет ету парыз.
Түнде жатарда тамақтанып немесе тамақтанбай ниет етсе, кейін түнде оянғанда, сәреге тұрғанда тамақтанудың зияны жоқ. Тіпті кешкі ас кезінде ниет ету жақсы болады. Ниеттен кейін имсак уақытына дейін ішіп-жеудің зияны жоқ. Рамазанда «ертең тісім ауырмаса ораза тұтамын, ауырса тұтпаймын» деген секілді күмәнды ниетпен ораза сахих болмайды.
Ауызашарда
Күн батқаны анық болғаннан кейін алдымен әузу-бисмиллә айтып: «Аллаһуммә йа уаси'ал-мағфираһ иғфирли уә ли-уалидаййә уә ли-устазиййә уә лил-мумининә уәл муминат йәумә йақумул хисаб» дұғасы оқылады. «Ей кешірімі мол Аллаһым! Қиямет күні есепке тартқанда мені, ата-анамды, ұстазымды, ер-әйел бүкіл мұсылмандарды ғафу ет» деген мағынаны береді. Артынан «Йа Раббым, Сен үшін ораза тұттым және Сенің берген ниғметтерің мен оразамды ашқалы тұрмын. Мені, ата-анамды және барлық мұсылмандарды кешіре-гөр» деп айтып, мүмкін болса құрмамен немесе сүт яки сумен ауыз ашылады.
Бір-екі жұтымдық нәрсе жеген соң «Зәһәбәззамаъ уәбтәлләтил уруқ уә сәбәтәл әжр иншааллаһу таала» дұғасын оқып, тамақ ішуді бастайды. Бұл ауызашар (ифтар) дұғасының мағынасы:
«Аштық бітті. Тамырларымыздың сумен қауышу уақыты жетті. Иншааллаһ сауап жазылды».