Untitled Document

Ғұлама... Имам Ахмед Раббани

Хазреті Имам Ахмед Раббани Үндістаннан шыққан ең үлкен әулие және ғұлама. Арифтердің (білгірлердің) нұры, әулиелердің көсемі, исламның сақшысы, мұсылмандардың панасы болған хазреті Имам Раббани мужәддид, мужтәһид және исламның көзнұры болып табылады. «Силсилә-и алия» деп аталатын шежіренің жиырма үшіншісі.

1563 жылы Үндістанның Сарханд (Сиһринд, Сирхинд) қаласында дүниеге келді. Имам Раббани деген атпен танылған. Раббани – хикмет пен ілім иесі, ілімімен амал еткен, ілімі мен амалы толық, мінсіз және кәміл, кемел ғұлама дегенді білдіреді. Хижри жылсанағымен екінші мың жылдықтың мужәддиді (жаңалаушысы) болғаны үшін Мужәддиди Әлфи Сани, шариғат пен тасаууфты біріктіргені үшін Сыла есімі берілген. Хазреті Омардың тегінен болғаны үшін және Сарханд қаласынан шыққаны үшін есіміне Фаруқи және Сарханди сөздері қосылып айтылады.

Бүкіл осы сипаттарымен бірге есімі – Имам Раббани Мужәддид Әлфи Сани Шәйх Ахмед Фаруқи Сарханди деп айтылады.

Әкесі мен аталары өз дәуірлерінің үлкен ғұламалары, салих және құрметті адамдары болған. Әкесі Абдулахад мырза дін және жаратылыстану ғылымдарын толық меңгерген, тасаууфта ең биік дәрежеге қауышқан адам болатын.

Хазреті Имам Раббани ең алғашқы сабақтарын әкесінен алды. Бала кезінен араб тілін меңгеріп, Құран кәрімді жаттады. Ілімінің басым бөлігін әкесінен алған хазреті Имам Раббани сол дәуірдің әйгілі ғұламаларынан да дәріс алған. Әкесінен ілім алып жүрген уақыттарда әртүрлі ілімдерге тән кішкентай кітаптарды жаттап алатын. Әкесінен ілім алуды тәмәмдағаннан кейін Сиялкут қаласына барып Мәулана Кәмаладдин Кашмириден ілім үйренді. Мәулана Кәмаладдин Кашмири мәшһүр ғұлама Абдулхаким Сиалкутидің де ұстазы болған, сол заманның ең үлкен ғалымы еді. Хазреті Имам Раббани кейбір хадис кітаптарын Шәйх Яқуби Кашмириден үйренді.