Untitled Document

Ғибратты оқиға... Сенің дінің хақ дін

Қонақ күтуді өте жақсы көретін Ибраһим (алейһиссалам) пайғамбарға бір апта бойы ешкім келмейді. Жан-жақтан қонақ іздейді. Ақырында қырдан ақ сақалды қарт адамды көреді. Қарияның қал-жағдайын сұрайды. Кейін:

– Ей, жолаушы! Жүр, бүгін тамақты бізден ішейік, - дейді.

Ибраһим пайғамбар мен оның адамдары қарияны жылы шыраймен қарсы алады. Тамақ ішерде барлығы «бисмилләһ» айтады, бірақ қария айтпайды. Сонда Ибраһим пайғамбар:

– Ей, көп жасаған қария. Қарттар дініне берік болады. Тамақ ішуді бастаған кезде Аллаһу та’аланың есімін айту керек емес пе? - дейді.

– Отқа табынатын пірімнің мұндай сөз айтқанын естіген емеспін, - дейді қария.

Ибраһим пайғамбар не істерін білмей, ойланып қалады. Аллаһқа сенбейтін адамға тамақ беру дұрыс па?

Ақырында ондай адаммен бір дастарханда отыру дұрыс емес деп шешеді. Бұл кезде қария да тұрып кетеді. Осы кезде Аллаһу та’ала Жәбрейіл (алейһиссалам) періштені Ибраһим пайғамбарға жіберіп:

– «Ей, Ибраһим. Мен ол қарияны кәпір болуына қарамай 100 жылдан бері өмір сүргізіп, ризығын, дәм-тұзын беріп келемін. Ал сен одан бір табақ тамағыңды аядың», - деген хабар жолдайды.

Ибраһим пайғамбар дереу қарияның артынан жүгіріп барып:

– Қайтадан дастарханға келіңіз. Жасаған қылығымды кешіріңіз, - дейді.

– Неге кешірім сұрайсың? – деп таңырқап сұрайды қария.

– Бұл әрекетіме байланысты Аллаһу та’ала маған уаһи жіберіп айыптады.

Қарияға бұл қатты әсер етеді. Ол:

– Қандай ұлы тәңір! Мен сияқты өзіне 100 жыл бойы қарсы келген адам үшін пайғамбарына ескерту жасайды. Бұл неткен жақсы дін. Ей, Ибраһим! Мен де сенің дініңе кіргім келеді, - деп, мұсылмандықты қабылдайды.