Күннің тарихы... Шабан айы
Дініміздегі қасиетті айлардың екіншісі – Шабан айы басталды. Аллаһу та’ала құлдарына аса мейірім танытқандықтан, тіпті ананың баласына деген мейірімінен де артық мейірімді болғандықтан, кейбір күндер мен кейбір айларды қасиетті қылған.
Бұл қасиетті айлар мен күндердегі ғибадаттарға, жақсылықтарға өте көп сауап беретінін айтқан. Сондықтан бұл күндері тәубе етіп истиғфар айту, дұға етіп жалбарыну керек, бұл күндерді үлкен мүмкіншілік деп білу керек.
Аллаһу та’ала Шабан айын пайғамбарымызға тән қылған. Хадис шәрифте бұл айдың маңызы былай хабар берілген:
«Шабан – менің өзіме тән болған ай. Аллаһу та’ала Арштың періштелеріне: «Ей менің періштелерім, көрдіңдер ме, менің құлдарым сүйіктімнің айына қалай тағзым және құрмет көрсетуде?! Ұлылығымның, құдыретімнің хақы үшін, мен де құлдарымды кешіріміме қауыштырдым» дейді».
Шамасы жететін, мүмкіншілігі бар адамның осы айда ораза тұтуының үлкен сауап екендігі хабар берілген. Бірақ бұл оразаны тұтқанда харамнан, күнә істеуден де аса сақтану қажет.
Хадис шәрифте: «Кімде-кім Шабан айында үш күн ораза тұтса, Хақ та’ала жәннаттан оған бір орын дайындайды» деп Шабан айында ораза тұтудың сауабы мен маңызы көрсетілген.
Қаза оразасы барлар бұл айда тұтатын оразаларына қаза деп ниет еткені жөн. Осылайша әрі қазасы өтелген болады, әрі бұл айда ораза тұтудың сауабына да кенелген болады.
Расулуллаһ алейһиссалам ең көп шабан айында ораза тұтатын еді. Шабан айының басым бөлігін, тіпті толығын оразамен өткізген жақсы болады. Пайғамбарымыз басқа айларға қарағанда шабан айында көп ораза тұтатын еді. Хазреті Айша анамыз айтқанындай:
«Расулуллаһтың ешбір айда шабан айынан көп ораза тұтқанын көрмедім. Бұл айдың түгелге жуығын оразамен өткізетін».
Шабан айы өте үстем ай. Бұл айда жақсылықтарға жол ашылады, береке жауады, қателер жойылады, күнәлар перделенеді. Бұл айда пайғамбарымызға көп салауат айту керек. Шабан – пайғамбарымызға салауат айту айы.