Сұхбат... Имам Матуриди
Әһли сүннеттің екі үлкен сенім (ақида) имамының бірі. Оның толық есімі – Мұхаммед бин Мұхаммед әл-Матуриди, лақабы – Әбу Мансұр. Ол Самарқанд қаласының Матурид ауылында дүниеге келіп, хижраның 333 жылы (миләди 944) Самарқандта қайтыс болды.
Ғылыми жолы және еңбектері. Имам Матуриди Имам Ағзам Әбу Ханифадан жеткен әһли сүннет сенімін жүйелеп, түсіндіріп, дәлелдермен негіздеген. Ол Исламның сенімге қатысты (ақида) мәселелерін ақылмен және нақылмен терең зерттеген мүжтаһид ғалым болған. Оның ұстазы – Әбу Наср Ияд.
Имам Матуриди өзінің білімін кітаптар жазу және шәкірт тәрбиелеу арқылы таратты. Оның ең атақты шәкірттері:
- Әл-Хаким әс-Самарқанди (Әбул-Қасым Исхақ бин Мұхаммед).
- Әбу Мұхаммед Абдулкарим ибн Мұса әл-Пәздәуи.
- Әбул-Ләйс әл-Бұхари.
- Әбул-Хасан ибн Саид.
Бұл шәкірттері өз кезегінде әһли сүннет ақидасын таратып, көптеген кітаптар жазды.
Тарихи жағдай және қызметі. Имам Матуриди әлсірей бастаған Аббаси халифатының кезеңінде өмір сүрді. Ол уақытта әртүрлі саяси топтар мен сенім ағымдары арасында қақтығыстар орын алып жатты. Имам Матуриди осыған қарамастан әһли сүннет сенімін қорғап, оны халыққа түсінікті етіп жеткізді. Ол Имам Ағзам Әбу Ханифаның «әл-Фиқһул-Әкбар», «әр-Рисәлә», «әл-Фиқһул-Әбсат» сынды кітаптарындағы сенім негіздерін ақыл-ой және мәтіндік дәлелдер арқылы жүйелеп баяндады.
Еңбегінің нәтижесі. Имам Матуриди еңбектерінің арқасында әһли сүннет ақидасы кең таралды. Ол әһли сүннет жолының негізгі бағытын сақтап қалған ғалым ретінде танымал. Оның жолы ислам әлемінде сенімнің негізгі тірегі болып қала берді.