Untitled Document

Күннің тарихы... Мекемтас Мырзахметұлы

Мекемтас Мырзахметұлы (9 мамыр 1930 жыл Майтөбе, Түлкібас ауданы, Түркістан облысы – 11 қаңтар 2025 жыл). Кеңестік және Қазақстандық абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстанның мемлекет сыйлығының (1996 ж.)  және «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» халықаралық сыйлығының иегері. «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.

Мекемтас Мырзахметұлы 1930 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. Балалық шағы Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау жылдарымен тұспа-тұс келді. Ерте жасынан білімге құштар болған ол сол кезеңнің ауыртпалығына қарамастан оқуға деген ынтасын жоғалтпай, ізденіске толы өмір сүрді. Мектепті тәмамдаған соң жоғары білім алып, әдебиет пен ғылымға ден қойды.

«1932-1933 жылдары ашаршылық болды. Аштықтан қиналған соң, түс кезінде жездеміздің үйіне қарай жолға шықтық. Анам сонда қарындасымды бауырына алып, мені қолымнан жетелеп, аштықтан бұралып әрең жүрді. Жол өнбей, ауылға жақындаған шақта қас қарайып кетті. Бір кезде бізді үш қасқыр қамап, топырақ шаша бастады. Мен қорыққанымнан анамның етегіне тығыла бастадым. Анам таяғын көтеріп, айғайласа да қасқырлар қаймықпады. Содан анам қарындасымды жерге қойып, мені арқалай жөнелді. Қасқырлар қарындасыма қарай бас салған болу керек, шар еткен  даусы естілді. Біз сол уақытта аман-есен құтылып үлгердік. Кейін барып қарасақ, шашынан басқа ештеңе қалмапты. Бұл қасірет. Ашаршылық кезінде әр жерде осындай оқиғалар көп болды. Мен оны өз көзіммен көрдім»,- деді М. Мырзахметұлы.