Сіз білесіз бе? Бізге де бір қамшы керек...
Есте жоқ ескі заманда Сақтар қолға түскен тұтқынның екі көзін ойып, құлдыққа салады екен.
Шамасы, көшпенді өркениеттің аттың жалында, түйенің қомында əлемді бағындырған кезі болса керек. Ат тұяғы жеткен жерді өз меншігі санаған баһадүрлер тағы бірде алыс аймаққа соғысуға аттанады.
Қазіргідей ұшақпен ұшып барып, бомбалап қайтып келетін заман емес, 20 жылдай жүріп қалыпты. Елде қалған әйелдері жаңағы соқыр құлдармен əуейі болып, соларға күйеуге тиіп, бала тапса керек.
Жиырма жылдан соң қылшылдаған жас сарбаз қырма сақал қырқылжыңға айналып, елге қайтады. Жаңағы құлдан туған буын сақтарды өз Отанына кіргізбей, қырғын шайқас болады.
Сақтардың да қатары селдірей түседі. Сонда қолбасшының кеңесшісі, көпті көрген данагөй ақсақал: "Бұлар кешегі біздің құлақ кесті құлдарымыз емес пе? Құлдың қорқынышы – қамшы. Қару-жарақты тастап, қолға қамшы алыңдар", - деп кеңес береді. Əскер арасында сыбыр-күбір көбейеді. "Қылыштан қайтпай соғысып жатқанда қамшысы несі" деген сөздер де естіліп қалады. Ақсақал болса "Қамшыны көрсе құл екендері естеріне түседі. Мәселе жүректе емес, санада" депті. Содан, қолбасшы әскерге қолдарыңа қамшы алыңдар деп əмір береді. О, ғажап, жаңа ғана бұрынғы қожайындарынан қаймықпай соғысып жатқандар қамшыны көргенде тым-тырақай болып қашыпты. Қазір біздің қоғамға да бір ҚАМШЫ əбден керек-ақ. Ата-баба дəстүрінен безіп, басқыншы елдің тілінде шүлдірлегенді абырой көретіндер бізде де жетіп артылады. Ұлтты ұлт қылатын негізгі діңгегі тіл мен діл.