Сіз білесіз бе? Алматы қаласы туралы мәлімет (1)
Алматы қаласы Еуразиялық континенттің орталығында, Тянь-Шань тауының солтүстігінде, Іле Алатауының баурайында, Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысында орналасқан. Алматымен қаласымен бір параллельде Гагры және Владивосток қалалары орналасқан.
Б.з.д. 10 - 9 ғғ. қола дәуірінде қазіргі қала аумағы ертедегі жер өңдеушілер мен малшылардың қонысы болды. Бұған дәлел - ерте кездегі Тереңқара мен Бұтақты қоныстарының табылуы. Бұл жерлерде керамика, тастан жасалған қарулар, темір мен сүйектен жасалған бұйымдар табылған.
Б.з.д. 7 ғ. - сақ дәуірінде Алматы сақтардың, кейіннен үйсіндердің тұрғылықты жері болған. Осы кезеңнен көптеген қорғандар мен қоныстар орындары қалған; олардың арасында ерекшеленетін «сақ патшаларының» қорғандары. Солардың ішінде ең танымалдары Есік қорғанынан табылған «Алтын адам», Жалаулы қазынасы, Қарғалы диадемасы, жетісулық «көркемдік қоласы» - шамдар, құрбандық шалатын орны, қазан. Сақ және үйсін дәуірінде Алматы аумағы Қазақстан жерінде құрылған ертедегі мемлекеттердң орталығы болды.
Б.з. 8-10 ғғ. Алматы орта ғасырлық кезеңі. Бұл қала мәдениетінің дамуы, отырықшылдыққа көшу, жер өңдеу мен қолөнердің даму, Жетісу аумағында көптеген қалалық қоныстардың пайда болу кезеңі қалыптасты. Қазба жұмыстарының нәтижесінде керамика, темір және сүйек бұйымдары табылған.
10-14 ғасырларда «Үлкен Алматы» аумағындағы қалалар Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда байланысына ілінді. Алматы сауда, қолөнер және ауылшаруашылық орталығының біріне айналды. Бұған дәлел - осы жерде табылған 13 ғасырдың 2 күміс дирхемі.
15-18 ғғ. Ұлы Жібек жолының ыдырауына байланысты қала өмірі деградацияға ұшырады. Бұл кезең Алматы мен жалпы Қазақстанның тарихына әсер еткен саяси үрдістерге толы болды. Мұнда маңызды этносаяси процестер, Жетісу мәдениетінің қалыптасуы жүрді. Бұл жер жоңғар шапқыншылығы мен өз тәуелсіздігі үшін күрескен қазақ батырларының оқиғасына бай.
Қаланың жаңа тарихы Ресей үкіметінің 1854 жылы Верный әскери бекінісін құруымен байланысты.
жалғасы ертең...