Сұхбат... Салауат айтудың пайдасы
1) Періштелердің салауатына қосылған болады. Әрине, періштелер мен қарапайым үмметтің салауаттарының арасында мағына жағынан айырмашылықтар бар екендігі хақ. Қалай болған да, пайғамбарымызға салауат айту арқылы періштелерге қосылу үммет үшін үлкен мәртебе.
2) Күнәлардың кешірілуіне себеп. Пайғамбарымыз былай деген: «Кімде –кім маған бір рет салауат айтса, Аллаһу та’ала ол адамға 10 рет салауат айтады. 10 қателігі кешіріліп, 10 дәрежеге көтеріледі». (Нәсай)
3) Қияметте пайғамбарымыз алейһиссалам оның қасында болады. Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Қиямет күні адамдардың маған ең жақыны, маған ең көп салауат айтқандары» деген. (Тирмизи)
4) Пайғамбарымыз салауат айтушыға жауап қайтарады. Пайғамбарымыз алейһиссалам келесі хадисінде: «Сәлем берген адамның сәлеміне жауап беруім үшін Аллаһ рухымды маған қайтарып береді». (Әбу Дәуіт)
5) Әрбір салауат айтқан адамның есімі пайғамбарымызға білдіріледі. Пайғамбарымыз алейһиссалам былай деген: «Жер бетінде Аллаһу та’аланың кезген періштелері бар. Олар үмметімнің сәлемін сол мезетте маған жеткізеді». (Нәсай)
6) Пайғамбарымыздың оған деген сүйіспеншілігі артқаны сияқты оның да пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігі жалғасын тауып, еселенеді.
7) Аллаһу та’аланың Расулуллаһ алейһиссалам арқылы бізге берген сыйы сансыз көп болғандықтан, салауат айтумен пайғамбарымыздың мойнындағы хақысын аз да болса өтеген боламыз.
8) Бізге Аллаһу та’аланың рахметінің түсуіне себеп болады. Пайғамбарымыз былай қуантады: «Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, Аллаһу та’ала оған он есе мейірімділік етеді». (Мүслим)
9) Дұғалардың қабыл болуына себепші болады: Пайғамбарымыз алейһиссалам намаздан соң Аллаһқа хамд айтпай, пайғамбарымызға салауат айтпай дұға еткен адамды көрді. Сосын: «Бұл адам асығыстық жасады», - деді. Сосын ол адамға: «Біреулерің дұға еткен кездеріңде алдымен Аллаһу та’аланы мадақтап, сосын маған салауат айтыңдар. Сосын қалауларың бойынша дұға етіңдер». (Тирмизи)
10) Аллаһу та’ала пайғамбарына салауат айтқан құлының істерін жеңілдетеді әрі оның дүние және ахирет қайғысын сейілтеді.