Сіз білесіз бе? Apple компаниясы туралы (1)
1971 жылы Стив Возняк пен Стив Джобс ортақ таныстары арқылы алғаш рет көрісіп, танысады. Осыдан соң қос Стив жақын араласып кетеді.
Екеуінің өмірлік көзқарастары ұқсас, екеуі де ақылды, алғыр адамдар. Возняк бала кезінен бері математика пәнін сүйіп оқыған, ал Джобс болса, бір бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын қасиетімен ерекшеленетін.
1972 жылы Джобс мектепті аяқтап, колледжге оқуға түседі. Бірақ, ақшаны «босқа» кетірудің қажеті жоқ деген оймен көп ұзамай оқудан шығып кетеді. Бірақ, сол уақыттарда каллиграфия курстарына барып жүреді. Дәл сол курсты оқығанының арқасында Макинтоштағы түрлі қаріптердің идеясы туындайды.
Возняк болса, атақты компьютер мамандарының бірі болып, Хьюлетт-Пакард (Hewlett-Packard) компаниясында істеп жүрген еді.
Apple I. Ең алғашқы компьютердің атауы — Apple I болды. Ол MOS Technology 6502 базасында жасалған еді. Атап өткеніміздей, Возняк оны жеке қолданысы үшін жасаса да, Джобс осы істі дамыту туралы ұсыныс айтады.
«Homebrew Computer Club» деген жерде Джобс Поль Террелге алғашқы компьютердің тұсаукесерін өткізеді.
Джобстың таныстырылымы дүкен иесіне ұнап, келесі күні ол бір данасына 500 доллардан 50 компьютер тапсырыс береді. Бірақ, Террелдің жалғыз ғана шарты болған — оған тек толық құрастырылған компьютерлер керек еді.
50 компьютерге қажетті радиобөлшектерді алу үшін Джобс достарынан 5000 доллар қарыз сұрап, 30 күндік мерзімге 15 000 доллар несие алады.
Джобс осылайша ойланбастан қарызға белшесінен батады. Рон Уейн болса, өмір көрген, ащы дәмін біраз сезген адам еді. Сол себепті осы іске біразға дейін күмәнмен қарап келеді. 1976 жылдың 12 сәуірі күні ол 10 пайыздық үлесінен бас тартып, орнына бірден 800 доллар беруін сұрайды.
29 күн ішінде барлығы бас көтерместен жұмыс істейді. Террел уәдесінде тұрып, ақшасын төлейді. Алғашқы табыс Джобсты бойына сенімділік ұялатып, жігерлендіре түседі.
жалғасы ертең...