Бүгін... Қазақстан Республикасының Конституциясы күні
Қазақстан Республикасының Конституциясы – Қазақстан мемлекетінің Ата (негізгі) заңы. 1995 жылы 30 тамызда Республикалық референдум өткізу (бүкіл халықтық дауыс беру) жолымен қабылданды. Конституцияны қабылдай отырып, Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің қайнар көзі – өзінің егемендік құқығын баянды етті. Ата заң қабылданған күн демалыс – мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні деп жарияланды. Бұл жаңа Конституция Қазақстанның төртінші Ата заңы (1937, 1978, 1993, 1995). Оның құрылымы кіріспеден, 9 бөлімнен, 98 баптан, көптеген тармақтар мен тармақшалардан тұрады. Жаңа конституцияның ең жоғары заңдық күші бар және ол Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Мұның өзі Конституциялық нормалар мен заңдардың басқа нормативтік құқықтық актілердің нормаларынан үстем екендігін көрсетеді. Кейінгі екі Конституцияның алдыңғы екеуінен елеулі айырмашылығы сол – бұлар тұңғыш рет мемлекеттік тәуелсіздікті, егемендікті және Қазақстан халқының толық билігін бекітіп, одан әрі орнықтырды. Жаңа Ата заңда құқықтық мемлекеттің қалыптастырылу бағыттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, соның ішінде жеке адамның жан-жақты еркіндігі, идеологиялық және саяси әр алуандығы (сөз және шығармашылық бостандығы, саяси партиялар мен бұқаралық партиялар, сондай-ақ бұқаралық қозғалыстар бірлестігін құру еркіндігі), халық билігін жүзеге асыратын демократиялық амалдар, экономикалық қатынастардың қызмет етуі әлемдік талаптарға сәйкестендірілген. Оның нормалары тұрақты, жалпы мәнде ұзақ жылдарға бейімделіп тұжырымдалған.
Былтыр елімізде 5 маусымда республикалық реферндум өтті. Осылайша Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп күшіне енді.