Ғибрат... Анар шырыны
Баяғыда бір патша уәзірін ертіп, жақын аудандарды аралауға шығыпты. Бірер сағат жүрген соң жол шетінде орналасқан бір анар бақшасының қасына келіп тынығады. Әбден пісіп, жетіліп тұрған анарлар көздің жауын алып тұрған соң, патша бақша ішінде жұмыс істеп жүрген бір қарияны шақыртып былай дейді:
- Бұл әдемі бақша кімдікі?
- Бұл бақша менікі, мырзам. Әкемнен мұра болып қалған бақша.
- Бала-шағаң, қызметшілерің бар ма?
- Құдай маған бала-шаға бермеді. Жалғыз кемпірімнен басқа ешкімім жоқ.
- Аа солай ма? Мен – осы елдің патшасымын. Анар шырынының дәмін татып кетсек деймін,- депті.
Қария «Құп болады, тақсыр!» деп, бір ыдысқа анарды үзіп алып, шырынын сығып береді. Патша да, уәзірлер де ішіп, шөлін қандырып, дәмін де қатты ұнатады. Бүкіл денесіне күш-қуат кіргендей сергіп қалады. Сөйтіп, патша мен уәзірлері қарияға алғыстарын айтып жолға аттанады. Жолда келе жатып патшаға жаман ой келеді: “Ақыры бір аяғы көрде жүрген бұл қарттардың мұрагерлері де жоқ, мұндай әдемі бақшаны не істемек? Одан да біраз пұл беріп, бақшаны өзіме алайын”,- деп ұйғарады. Патша мен уәзірлері кешкісін қайтып келе жатып, әлгі бақшаға келіп қариядан тағы да анар шырынын дайындап беруін сұрайды. Қария азандағыдай шын көңілден, ықыласпен жасап әкеп беріпті. Бірақ патшаға бұл жолғы шырынның дәмі мүлдем ұнамайды. Содан қарияға:
- Қария, неге дәмсіз? Бұл шырын бағанағымен бірдей анардан жасалынған жоқ па?
Барлығы бір анардан жасалған, балам. Дәмдерінде ешқандай айырмашылық жоқ. Бұл жерде негізгі өзгерген – сіздің ниетіңіз. Қарамағыңыздағы адамның мал-мүлкіне көз тіктіңіз, міне сол себепті анарлардың да дәмі өзгерді, - деген екен.