Сұхбат... Ақылдасу – ғибадат
Дінімізде кеңес сұрап ақылдасудың, қатені ескертудің ерекше орны бар. Ақылдасып іс жасау сүннет амалға жатады. Ақылдасу адамды өкінуден қорғайтын қамал секілді. Құран кәрімде жақсы адамдар, үлкен тұлғалар мақталған кезде «Олар ісін ақылдасып жасайды» делінеді. (Шура, 38)
Сондықтан да ғұламаларымыз «Ақылдасу – себепке жүгіну және құнды ғибадат саналады» дейді.
Пайғамбарымыз сахабаларымен кеңесетін еді. Кейде бір ісін ақылды, тақуа, дана және тәжірибелі он кісімен ақылдасатын. Біз көп нәрсені білеміз деп санаймыз, алайда білеміз деген көп нәрсемізді білмейтін болып шығамыз. Ақылдасып жасаған істің нәтижесі жақсы шығады. «Ақылдаспай жасаған істің қайыры жоқ» деген даналық сөз бар.
Мәулана Жәлаладдин Руми хазрет «Мәснәуи» кітабында айтады: «Ақылың бар болса, басқа ақылмен дос бол, істеріңді онымен ақылдасып жаса!».
Ақылдаспаудың, кеңес сұрамаудың түбінде тәкәппарлық бар. Тәкәппар, өзін өзгеден үстем санайтын адам біреумен ақылдасқысы келмейді, ешкімнен кеңес сұрамайды. Өз-өзін жақсы көрудің ең жаманы – өз қателерін, нәпсінің қалауларын жақсы көру. Ондай адам үнемі нәпсіне еріп жүреді, насихат тыңдамайды. Өзгелерді ештеңе білмейді деп санайды. Бірақ негізінде ештеңе білмейтін – өзі.
Құрметті оқырман!
Күнтізбе беттерінде Құран кәрімнің аяттары, хадис шәриф мағыналары, діни мағлұматтар, ұлы тұлғалардың есімдері және тәбәрік атаулар бар болғандықтан, құрмет көрсетіп, лайықты болмаған жерлерге тастамауыңызды өтінеміз.