Күннің тарихы... Ә.Марғұлан (2)
1929 жылы Әлкей Марғұлан Шығыс институтындағы оқуын бітіріп, Абай шығармашылығы туралы дипломдық жұмысын табысты қорғап шықты.
Оқуын бітіріп келгеннен кейін Ә. Марғұлан Қазақстан Оқу Халық Комиссариатының жанындағы Жаңа әліпби комитетінде ғылыми қызметкер болады.
Туған халқының тарихына ден қойып, зерттеу жұмыстарын сонау Ленинградта оқып жүргенде-ақ бастаған Әлкей елге келгеннен кейін де осынау бейнеті мол, көп ізденіп, зерттеуді қажет ететін сауапты істі одан әрі жалғастырып, Оңтүстік Қазақстандағы Сырдария, Шу, Талас өзендері бойында және көне Отырар, Сауран, Сығанақ қалаларының орындарында түрлі қазба жұмыстарын жүргізеді. Содан жинаған материалдарының негізінде «Ежелгі Қазақстан қалалары мен құрылыс өнерінің тарихына» деген монографиялық еңбек жазады. «Хандар жарлығының тарихи әлеуметтік мәні» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Бұл көне қыпшақ тарихын зерттеудегі құнды ғылыми еңбек еді.
Ұзақ жылғы зерттеу жұмысының нәтижесінде Ж.А. Ақышев, М.Қ. Қадырбаев, А.М. Оразбаевтармен бірігіп, «Орталық Қазақстанның ежелгі мәдениеті» атты кітап жазуға қатысып, оның редакциясын басқарды. Бұл кітаптың құндылығы жоғары бағаланып, оның авторларына Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлық беріледі.
Тарих, археология және этнография бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалғаннан кейін ол бұрынғы зерттеу жұмысын одан әрі жалғастыра отырып, сонымен бірге Шоқан Уәлихановтың әдеби мұраларын жинастырып, оны бес том етіп шығарысуға басшылық етеді.
Әлкей Марғұланның ұзақ жылғы қоғамдық өмірдегі және ғылымдағы үлкен еңбегі жоғары бағаланып, ол Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
adebiportal.kz