Күннің тарихы... Ә. Марғұлан (1)
Қазақстан археология мектебінің негізін салушы, ғылымның көптеген салалары: этнография, тарих, шығыстану, әдебитетану, өнертану бойынша көрнекті қайраткер. Филология ғылымдарының докторы (1945), Бүкілодақтық География қоғамының толық мүшесі, Қазақ ССР ҒА академигі (1958), профессор (1960), Казақ ССР ғылымының еңбек сіңірген қызметкері (1961).1904 ж. 11 мамырда Ақпеті болысында (қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы) дүниеге келген. Әкесі Хақан – атақты Олжабай батырдың тікелей ұрпағы.
Әлкейдің әкесі Хақан мен шешесі Нұрила көптеген халық ертегілері мен аңыздарын білген, үйде халық әндері мен Абай әуендері жиі шырқалатын. Әлкей бес жасында оқып, жаза білуді үйренді, бала кезінде «Қобыланды», «Алпамыс», «Көрұғлы», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» дастандарын жатқа білген. Хақанның шаңырағында белгілі ақын, ғалымМәшһүр-Жүсіп Көпеев, Жаяу Мұса, Имантай Сәтбаев және қазақ даласына белгілі басқа да адамдар жиі бас қосқан.
Әлкей бастауыш білімді ауыл мектебінен алды. 1915 жылы Баянауылда үш сыныпты орыс мектебінде оқыды. 15 жасыңда гимназияда оқу мақсатымен Екатеринбург қаласына сапар шегіп, алайда Азамат соғысының кесірінен оқи алмай қалады. 1919 жылы Әлкей Хақанұлы Павлодар қаласындағы мұғалімдер курсына түсіп, белгілі әнші Майраның үйінде тұрады. 1920 жылы курсты бітірген соң туған ауылына оралып, Далба мектебінде мұғалімдік қызмет атқарады.
1921 жылы Әбікей Зейінұлы Сәтбаев сынды белгілі қазақ ағартушысы директор болған Семей техникумына оқуға түседі (1939 жылы Әлкей Хақанүлы Ә. Сәтбаевтың қызы Раушан Әбікейқызына үйленді).
М. Әуезовпен бірге Абайдың туған жеріне, Шыңғыстауға барып, Абайдың баласы Тұрағұлмен және Абай әндерін тамаша орындайтын Абайдың немересі Жәбірейілмен таныс болады. Осы жылдары Әлкей Хақанұлы атақты қазақ ақыны Мағжан Жұмабайұлымен танысып, достық байланыста болады.
adebiportal.kz