Ғибрат... Тақуалық
Тақуа кісілердің бірі Сануси өзін сәт сайын Аллаһу та’аланың бақылап тұрғанын сезінгенде, жанын қоярға жер таппай кететін. Өйткені, Жаратушы Иеден қатты қорқатын. Күнара ораза ұстайтын. Қолындағыны қанағат тұтатын, өзі бермесе, ешкімнен көз сүзіп ештеңе сұрамайтын. Ораза ұстаған кей күндері: «Аузың берік пе?», – деп сұрағандарға: «Шынымды айтсам… ораза ұстадым деп те, ұстамадым деп те айта алмаймын», – деп күмілжи жауап беретін. Ораза ұстағандықтан «ұстамадым» дей алмайтын. Алайда, менікі қабыл болатын кәміл оразаға жата ма, жатпай ма деген іштегі күдікпен «ұстадым» деуге де ауызы бармайтын.
Оның рухани тереңдігін білмейтіндер: «Өзіңнің ауыз бекіткен-бекітпегеніңді білмейсің бе?», – дегенде, ләм-мим деп жауап берместен, ол жай ғана күлімсірейтін де қоятын.
Имам Бұхари
Хазреті имам Бұхари Пайғамбарымыздың (алейһиссалам) хадистерін жинауға өмірін арнап, жаңа хадис есту немесе жазып алу үшін дала кезіп, апталап-айлап жол жүрген кездері көп болатын. Бірде көп сахабалармен жүздескен бір кісі туралы естиді. Әдеттегідей ұзақ жол жүріп жаңағы кісіні тауып алады. Үйіне жақындай бергенде әлгі кісінің ноқтасын үзіп кеткен түйесін бос қаппен алдап шақырып, ұстайын деп жүргенін көреді. Хазреті имам Бұхари ол кісіге жолықпай кері қайтады.
«Неге бос қайттың, ең болмағанада бір-екі хадис жазып алмадың ба?» деп сұрағандарға: «Мен түйесін алдап ұстайтын адамның айтып беретін хадисіне сенбеймін», деген екен.