Untitled Document

Сұхбат... Дұрысты бұрыстан ажырату өте қиын

Ілім – дұрысты бұрыстан ажырату дегенді білдіреді. Әйтпесе көп кітап жаттап алу деген сөз емес. Дүниедегі бүкіл кітаптарды жаттап алсақ, егер Аллаһ разылығына сай ешбір ғибадатымыз болмаса, бұл ешнәрсеге жарамайды. Пайғамбарымыз: «Йа Раббым, маған дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс етіп көрсет. Қате нәрсеге дұрыс деп жармаспайын, дұрыс нәрсеге де қате деп қарсы шықпайын» деп дұға ететін және бізге осылай дұға етуімізді бұйырған. Дұрысты бұрыстан ажырату (яғни бұл Аллаһтың разылығына сай ма, емес па деп ажырата алу) өте қиын іс. Ұстазы болмаған адамның дұрысты бұрыстан ажыратуы мүмкін емес. Қазір заманымыз өте нашар және өте көп топтар пайда болған, қайбірінің дұрыс екендігін ақылымызбен, ілімімізбен түсіне алмаймыз.

Ақида тұрғысынан қате сенім барлық ғибадаттарды түбегейлі жойып жібереді. Ешқандай пайдасы болмайды. Аллаһу та’аланың ахиретте құлдарынан бірінші сұрағы дұрыс иман болып табылады. Дұрыс иман – діннің негізі. Бүкіл ғибадаттар осы негіздің үстіне қаланады. Ал дұрыс иманның дұшпаны көп болады. Шайтан, нәпсіміз, жаман достар және жаман ақпарат құралдары яғни іштен, сырттан алдыңа шыққандардың бәрі иманға бас салуда. Имам Раббани хазрет 400 жыл бұрын «Иманыма бас салатындардан ағаш жапырағындай қалтыраудамын» деген. Яғни сол кездің өзінде иман ұрылары, иман дұшпандары көбейгені соншалық, осындай ұлы ғұлама иманым кетпесін деп қорыққан.

Бұл ұлы ғұламаларды танығандар өте бақытты адамдар, Аллаһу та’ала тарапынан таңдаулы адамдар. Бұл ғұламалар толық және дұрыс иманға жеткізеді. Бұл иманға қауышуымыз үшін мал-жандарын құрбан еткен сахабалардан бастап, Сәлжүктерге, Османдықтарға бүкіл ғұламаларға, әулиелерге, мүжаһидтерге, шәһидтерге барлығына қанша алғыс айтсақ та, аз.