Untitled Document

Сұхбат... Рамазанның 27-ші түні

Сұрақ: Қадір түнінің Рамазан айының жиырма жетінші түні екені нақты ма?

Жауап: Жоқ, нақты емес, бірақ бұл түнді, яғни Рамазан айының 27-түнін ғибадатпен өткізу өте сауапты іс болады. Бірнеше хадис шәрифте былай келген:

«Қадір түнін Рамазанның соңғы он күнінде іздеңдер!» (Мүслим).

«Қадір түнін Рамазан айының соңғы он күнінің 21, 23, 25, 27 және 29 сияқты тақ түндерінде немесе соңғы түнінде іздеңдер! Сауабына үміттеніп Қадір түнін ғибадатпен өткізген адамның күнәлары кешіріледі» (И. Ахмед).

«Қадір түні – Рамазан айының 27-түні» (Әбу Дауд).

Имам Ағзам хазрет Қадір түнінің Рамазанның 27-түніне көп сәйкес келетінін айтқан. «Қадір түніне сәйкес келген түнді ғибадатпен қадірлі еткен адам Қадір түнін қадірлі еткендей сауап алады» хадис шәрифін ойлап, жиі айтылатын 27-түнді ғибадатпен өткізетін болса, ол түні Қадір түні болмаса да үлкен сауап беріледі.

Қадір түнін сұраған бір адамға Расулуллаһ «Бұл жылы Қадір түні Рамазанның алғашқы түні еді, өтіп кетті. 27-түнінде ғибадат жаса! Рамазанның 27-түнін құлшылықпен қадірлеген адамға денесіндегі қылдардың санындай, қажылық, умра, шәһид және ғази сауабы беріледі» деп бұйырды. Хазреті Айша анамыз да «Расулуллаһ Рамазанның соңғы он күнінде көп ғибадат жасайтын еді» деген (У. Нәжат).