Untitled Document

Мақала... Ұйқы туралы (2)

Ұйқы кезінде ағзада қандай өзгеріс болады?

Сомнолог дәрігер, психотерапевт, Ұйқы медицинасы орталығының негізін қалаушы Виктор Хан Baribar.kz сайтына берген сұхбатында адам ұйықтаған кезде бүкіл ағза мүшесінің жұмысы реттелетінін айтады. Ұйқы кезінде бұлшықет босайды, нәтижесінде организм демалады. Бұл уақытта белгілі бір гормондар бөлінеді. «Адамды гормондар басқарады» дегенді ескерсек, ұйқының дұрыс болуы маңызды. Ағза мүшелерінің жұмысын жақсартады. Сонымен қатар психо-эмоционалды тұрғыдан жеңілдеу болады.

«Бұдан бөлек маңызды дүние бар. Жалпы, тәндегі жиналып қалған токсиндер лимфа жүйесі арқылы жиналып, сыртқа шығып отырады. Алайда мида мұндай жүйе жоқ. Бірақ токсиннен арылу керек? Ол қалай жүреді? Мидағы токсин терең фазадағы ұйқы кезінде төмендеп, арқа-ми каналына жетеді. Әрі қарай токсин денедегі лимфа жүйесі арқылы шығып кетеді. Неліктен дұрыс ұйықтамаған адамның басы ауырады? Себебі, жиналған токсиндер шықпады, өмір сүруге керек нейрондар түзілмеді», – дейді Виктор Хан.

Сонымен бірге ұйқының терең фазасында лептин гормоны азайып, грелин көп бөлінеді. Лептин тоқшылық сезімін береді, «тойып кеттім» дейтіңіз осы гормоннан. Ал грелин гормоны тәбетке жауапты, тамақ ішер алдында көп бөлініп, астан кейін күрт азайып кетеді. Яғни ұйықтайтын кез келсе, бірақ жата қалмасаңыз, мөлшері артқан грелин «қарын аштырады». Ұйқысы жиі бұзылатын, түнімен тоңазытқышты ашып, тамақ іздейтін адамды көбіміз білеміз.

Сонымен қатар ұйқының терең фазасында адамның өсуіне жауапты соматотропин гормоны бөлінеді. «Сәби ұйқымен өседі» деген осыған байланысты. Ересек адам өспейді, есесіне соматотропин метаболизмге, яғни күні бойы пайдаланылмаған майды ыдыратуға қызмет етеді.