Сұхбат... Ауызашарды кешіктіру рұқсат па?
Сұрақ: Бір жұмыстармен ауызашарды қай уақытқа дейін кешіктіруге болады?
Жауап: Ақшам уақыты кіргені анық белгілі болса, алдымен құрма, су сияқты нәрселермен ауыз ашылады, одан кейін намаз оқылады. Тамақты тез жеп, содан кейін намаз оқуға да болады. Бірақ ауызашар дастарханында әртүрлі тағамдар болғандықтан ақшам намазы кешігуі мүмкін. Намаз мәкрух уақытқа қалуы мүмкін. Осы тұрғыдан алдымен намазды оқу, одан кейін асықпай тамақ жеу жақсырақ болады. Уақыттың кіргені нақты белгілі болмаса, алдымен намазды оқу керек. Кейінірек уақыттың кірмегені мәлім болса, намазды қайта оқып алуға болады. Ал бірақ уақыт кірместен ауыз ашылатын болса, ораза бұзылған болады. Қалпына келтіру де мүмкін болмайды. Уақыттың кіргені нақты белгілі болса, алдымен ауыз ашып, намаз оқығаннан кейін тамақ жеу керек.
Хадис шәрифте: «Ауыз ашуға асығыңдар» делінген (Хаким).
Асығудың соңғы уақыты құнды кітаптарда жұлдыздар көрінгенге дейін екендігі білдірілген. Ал бұл шамамен ақшам уақыты кіргеннен жарым сағат кейін. Хадис шәрифте: «Жұлдыздар көрінбей тұрып ауыз ашқан адам сүннетіме сай амал еткен болады»- делінген (Ибн Хиббан).
Ауызашар дұғалары
Сұрақ: Ауыз ашқанда қандай дұғалар оқылады?
Жауап: Күннің батқаны белгілі болған кезде ауызашардан бұрын Әузу мен Бисмилләһ толық айтылып, «Аллаһуммә йа уаси'әл-мағфираһ, иғфирли уә ли-уалидаййә уә ли-устазиййә уә лил-мумининә уәл муминат йәумә йақумул хисаб» делінеді. Мағынасы: «Ей кешірімі мол Аллаһым! Қиямет күні есепке тартқанда мені, ата-анамды, ұстазымды, ер-әйел бүкіл мұсылмандарды ғафу ет!».
Бір-екі жұтымдық нәрсе жеген соң «Зәһәбәззамаъ уәбтәлләтил уруқ уә сәбәтәл әжр иншааллаһу та’ала» дұғасын оқып, тамақ ішуді бастайды.