Пайғамбар бешпенті
Пайғамбарымыз үстінен шешіп, Уәйс әл-Қараниге беруді өсиет еткен бешпенті жыл сайын Рамазан айының алғашқы жұма күні Стамбұлдың «Фатих» ықшамауданындағы «Хырқа-и шәриф» мешітінде көрмеге қойылады. Рамазанның соңғы күні екінді уақытына дейін күнде сағат 10:00-16:00 арасында және Қадір түнінде таңертең сағат 04:00-ке дейін көрмеде тұрады. Келетін зияратшылардың саны жыл сайын арта түсуде.
Пайғамбарымыздың біз білетін екі бешпенті бар. Бірі «Қасида-и Бурданың» авторы ұлы ақын Кааб бин Зухейрге берілді, бұл бешпент «Топқапы» сарайының «Қасиетті аманаттар» бөлімінде сақтаулы.
Екіншісі йемендік Уәйси Қарниге (Уәйс әл-Қарани) пайғамбарымыздың өсиеті бойынша берілген. Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін бес жылдан соң Уәйсәл Қараниге берілген бұл бешпент Уәйсәл Қарани Сыффин соғысында қайтыс болған соң бауыры Шихабуддин Сухравардиге, одан оның баласы Тажуддинге, оның ұрпағына қалдырылды. Уәйс әулеті Ирак пен оның маңайындағы соғыстарға байланысты бұл жерден кетіп, Қушадасына орналасты.
Бұл бешпент І-ші Сұлтан Ахмет хан кезеңінде 1611 жылы Уәйс әулетімен бірге Стамбұлға апарылды. Қолдан қолға өтіп, Сұлтан ІІ-Осман ханға сыйға тартылған бешпент үшін Сұлтан Абдулмажид хан тарапынан 1851 жылы бешпентті қорғау мақсатында Фатих ауданында Хырқа-и шәриф мешіті салдырылды. Бешпент сол жердегі арнайы орынға қойылды. Бұл бешпент 8 бөлшектен тұрады. 120 см ұзындықтағы сарғыш-қоңыр бешпент түйенің мойнының астындағы жұмсақ қылдан тоқылған және кең қолды.