Мәлімет... WhatsApp
...Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып - жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды... – иә, бұл Ы.Алтынсаринның өлең жолдарынан үзінді, десе де сол заманда айтылған осы тектес ұйқастар бүгінгі күннің тынысынан хабар беріп тұрғандай. Айтпағымыз телефоныңыздағы WhatsApp желісі жайлы. Бұл қосымша туралы да жаза кеткенді жөн көрдік.
WhatsApp — смартфондарға арналған мессенджер. Мәтіндік хабарландыру, сурет, видео және аудио жөнелтуге болады. Android, , iOS, Windows Phone және басқа да платформаларда жұмыс істейді. Мессенджерді жасаған компанияның негізін Ян Борисович Кум және Брайан Эктон 2009 жылы Калифорния штатында құрған.
WhatsApp арқылы 2012 жылдың сәуіріне қарай күн сайын 2 миллиард хабарлама жіберілетіні тіркелген, сол жылдың тамызында 10 миллиардтан асты, 2013 жылдың маусымында 27 миллиард және 2015 жылдың наурызында 50 миллиардтан астам хабарлама жіберілді. Ал 2018 жылдың ақпан айында WhatsApp арқылы 1 миллиардқа жуық адам күніне 55 миллиард хабарлама жіберген.
2014 жылғы ақпанның 19-ында Facebook Inc. WhatsApp Inc. компаниясын 19 миллиард АҚШ долларына сатып алатынын жариялады.
2016 жылы 3 ақпанда WhatsApp қолданушыларының саны миллиардқа жетті. Бұл туралы Марк Цукерберг Facebook парақшасында мәлімдеді.
Әлеуметтік желінің иесі қолданушыларымен жақсы жаңалықты бөлісе отырып, мессенджердің негізін қалаушы Ян Кум мен Брайан Эктонды құттықтады. "WhatsApp Facebook-ке қосылғалы екі есе көп қолданушы жинады. Біз сіздер үшін жақындарыңызға қоңырау шалуға мүмкіндік беретін функция қостық. Енді әлем бойынша көптеген адамды жақындату мақсатында жұмыс істейміз", - деді Цукерберг.