Untitled Document

Білген абзал... Аз қимылдаудың зияны (2)

Қимыл-қозғалыстың тапшылығынан пайда болатын аурудың бірі – семіздік. Ол адам бойындағы артық салмақ. Археологиялық қазбалардың көрсетуіне қарағанда, семіздік адам организміне тас заманнан бері тән құбылыс. Сол ерте заманда-ақ семіздікпен күрес жүргізілген. Мәселен, ежелгі Спарта елінде бозбаланың салмағы белгілі мөлшерден асып кетсе, оны қаладан қуып жіберген. Қазіргі медицинаның дәлелдеуі бойынша, семіздік денсаулықты құртады, өмірді қысқартады. Статистикаға жүгінсек, адамдардың орташа жасын 7-10 жылға кемітеді екен. Салмағы өте жоғары адамдар , салмағы қалыпты адамдармен салыстырғанда, 2 есе көп өлетіні белгілі. Семіздіктің салдарынан адамдар қантты диабет, бауыр, өт жолдары, жүрек-қантамыр ауруларына жиі шалдығады. Әсіресе семіздік қан қысымының жоғарылауына себепші.

Семіздікке қимыл-қозғалыстың кемдігі ғана себепші деу қате. Оған әсер ететін жайттар көп. Ол адамның тамақтану мәдениетін білмеуі, яғни бірыңғай тамақтың түрлерін қолданудан да болады. Мәселен, өте майлы тағамдарды, сұйық заттарды көп қолдану, сол сияқты дәрумендердің жетіспеуі, зат алмасудың бұзылуы, денеде тұздың көбейіп кетуі айтарлықтай физиологиялық өзгерістер тудырады.

Ішкі секреция бездері қызметінің кенет төмендеуі де үлкен әсер етеді. Негізінде семіздікті сыртқы және ішкі себептерге байланысты екі түрге бөледі. Сыртқы себептерге мешкейлік, аз қимылдау, бала кезде тәттіге әуестену т.б. Ал ішкі себептерге ішкі секреция бездерінің бұзылуы, зат алмасуының бұзылуы т.б. жатады.

Семіздік қандай себептен пайда болса да, ол денсаулыққа өте зиян. Өйткені артық салмақ жүрек, өкпе, қан тамырлары, асқазан, ішек-қарын, буындарға күш түсіреді.