Untitled Document

Білген абзал... Аз қимылдаудың зияны (1)

Дене жаттығулары – емдік гимнастиканың басты кұралы. Адам өмірінде маңызды рөл атқаратын бұлшықеттердің қызметі осыған негізделген. Қимыл-қозғалыстың тапшылығы (гиподинамия) әртүрлі аурудың пайда болуына әкеледі. Қазіргі ғылыми-техника жетістігі адамдарды ауыр жұмыстан, қарапайым үй тіршілігіндегі қимыл-қозғалыстан (шөп шабу, отын жару, кір жуу т.б.) қол үздіріп отыр. Күнделікті өмірде транспорттың көбеюі, лифтінің пайда болуы және теледидар алдында ұзақ уакыт қозғалыссыз отыру да организмге зиянды әсер етеді. Адамның аз кимылдауы – бұлшықеттердің дәрменсіз қалуы, қан айналысының нашарлауы, ішкі ағзалардың қызметі төмендеп, зат алмасуы бұзылды деген сөз. Қимыл-қозғалыстың тапшылығынан жүйке-тамырға, жүрекке айтарлықтай күш түседі. Мәселен, кан айналымы әлсіреп, жүрек-тамыр аурулары байқалады, буындардың қозғалысы кеміп, омыртқалар арасындағы шеміршек жұқарып, семіріп, остеохондроз және т.б. ауруларға шалдығуға мәжбүр етеді. Гиподинамия (қимылдың кемдігі) ең алдымен ми қыртысын зақымдайды. Қимылдың тапшылығы жүректің осылай өз ретімен жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Жүрек бұлшықеттерінің жиырылу күші кеміп, денеге тарайтын қанның мөлшері төмендеп, қажетті қоректік заттарға тапшы болып қалады.

Қимылдың тапшылығынан пайда болатын кезекті аурулардың бірі – остеохондроз. Бұл омыртқааралық шеміршектің мүжіліп тозуы, жұқаруы. Остеохондроз басқа белгісіз себептермен бірге омыртқа жотасын қысып ұстап тұрған  бұлшықеттің әлсіреуінен пайда болады. Оған жұмысты бірыңғай отырып істеу, соның салдарынан  бұлшықеттің жетілмеуі, яғни қимыл-қозғалыстың тапшылығы тікелей ықпал жасайды. Ал омыртқааралық шеміршектің, буындар мен сіңір тарамыстардың өзгеруі тек осы бұлшықеттер әлсіреп, зақымданған соң байқала бастайды.

жалғасы ертең...