Untitled Document

Сұхбат... Қиямет күніне иман

 «Әмәнтудің», яғни иманның алты шартының бесіншісі – қиямет күніне сену. «Әмәнтудағы» «уәл яумил ахири» сөзі «мен қиямет күніне сендім, иман келтірдім» дегенді білдіреді. Қиямет күні қабірден тұрған кезден басталады, адамдар жұмақ пен тозаққа кіргенге дейін созылады.

Жаннат, жаһаннам (тозақ) және мизан, яғни сауап пен күнә тартылатын таразы және Сырат көпірі, хашр, яғни жиналу, нәшр, яғни жұмақ пен тозаққа таралу барлығы қиямет күнінде жүзеге асады.

Қабір азабы болады. Қабірде Мүнкәр және Нәкир деген екі періште сұрақ сұрайды. Қабір сұрақтары өте маңызды. Бұларды барлық адам білуі, балаларына үйретуі керек. Қабір сұрақтары мен жауаптары:

- Раббың кім?                - Раббым Аллаһ.

- Дінің не?                       - Дінім Ислам діні.

- Кімнің үмметісің?    - Мұхаммед (алейһиссалам) пайғамбардың.

- Кітабың не?                 - Кітабым Құран Кәрім.

- Құбылаң қайда?        - Құбылам Қағба.

- Сенімде мазһабің не?        - Сенімде мазһабым Әһли сүннет уәл жамағат.

- Амалда мазһабың не?       - Амалда мазһабым Ханафи (Шафии, Ханбали, Малики) (Осылардың қайсысын ұстанса соны айтады).

Иманды адамдар бұл сұрақтарға дұрыс жауап береді,  имансыздар жауап бере алмайды. Дұрыс жауап бергендердің қабірлері кеңейіп, жұмақтан бір терезе ашылады. Таңертең және кешке жұмақтағы орындарын көреді, періштелер оларға жақсылық жасайды, оларға жақсы хабарлар жеткізеді.

Бұл сұрақтарға жауап бере алмағандар қабірде азапқа тартылады, оның бақырғанын адам мен жыннан басқа барлық нәрсе естиді. Тозақтан бір терезе ашылып, таңертең және кешке сондағы орнын көріп, мазарда махшарға дейін ауыр азаптарға тартылады.