Әңгіме... Құнды сурет
Еуропаның бір қаласындағы атақты көркемөнер орталығында кішкентай бала әдемі бір туындыны көреді. Көркемөнердің бұл туындысы өте қымбат екені түсінікті. Бала сурет тұрған витринаның алдында суреттен көзін ала алмай ұзақ тұрады. Ақшасы жетпейтін болған соң, қимай кетеді. Қанағат деп жеген-кигенін азайтып, бір жылда аздап ақша жинайды. Бір жылдан кейін дүкенге қайтып келеді. Суреттің әлі сатылмағанын көріп қуанады да, дүкенге сеніммен кіріп суреттің авторына “Сіз салған суретті ағамның туған күніне алғым келеді. Ақша жинап келдім. Суретті маған сатыңызшы”, – деп бір уыс ақшасын суретшінің алдына төгеді.
Суретші біраз ғана ойланып, суретті әдемі қағазға орап, оны сұрап тұрған балаға сатады. Бала қуанышын жасыра алмай, алғысын айтып, сыртқа шығады. Дүкенде болған басқа суретшілер таңданып: “Есің дұрыс па?! Oл жұмысың миллионға кетер еді. Неге су тегінге саттың?” – деп сұрап еді, суретші: “Иә, бұл суретті көп адамға миллионға не одан да қымбатқа сата алар едім. Алайда солардың ішінен бұл суретті сатып алу үшін бір жыл бойы жиған ақшасының бәрін бере алатын қанша адам шығар еді?” – дейді.,
Ғибрат...Шүкірдің анықтамасы
Жүнәйд Бағдади хазрет жеті жасар кезінде ұстазы әрі нағашысы Сырри Сәқати хазретпен бірге қажылыққа барады. Мәсжиди Харамда 400-дей ғалым жиналып, шүкір жайында сөйлесіп отырады. Әркім шүкір жайында әртүрлі нәрселерді айтып, шүкірдің не екенін толық анықтама беруге тырысып жатқан еді. Ұзақ уақыт сөйлесіп, 400 түрлі пікір айтылса да, барлығын қанағаттандырарлық анықтама айтылмаған болатын. Сырри Сәқати хазрет жанындағы Жүнәйд Бағдадиге қарап: «Сен де олардың әңгімесін тыңдадың. Қане, сен де білгеніңді айт!»-дейді. Сонда Жүнәйд Бағдади хазрет: «Шүкір – Аллаһу та’ала нәсіп еткен ниғметтермен Оған қарсы шықпау» деп жауап береді. Сол жердегілердің барлығы таңқалып: «Сені құттықтаймыз! Шүкірдің не екенін ең жақсы сен түсіндірдің» деседі.