Untitled Document

Мәлімет... Қазақмыс (1)

«Қазақмыс» –  Қазақстандағы ең алып мыс өндіруші, табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу бойынша  жетекші халықаралық компания.

 

Компания тарихы

Корпорацияның тарихы 1913 жылдан бастау алады. Осы Жезқазған кенішінде ең алғашқы ауқымды тау-кен жұмыстары басталды. Мыс рудасы ағылшын азаматы Лесли Уркарт басшылық еткен «Спасск акционерлік қоғамының» Сарысу кен байыту фабрикасында өңделіп, дайын өнімге айналдырылды. Кәсіпорын 1920-шы жылдары Қазан төңкерісінен кейін мемлекет меншігіне өтті.

1928 жылы — академик Михаил Петрович Русаков Қоңырат мыс кенішін ашты. Кейін ол Балқаш кешенінің негізгі құрамдас бөлігіне айналды. Қарсақпай мыс балқыту зауыты іске қосылды.

1938-1958 жылдары — Балқаш мыс балқыту зауыты ашылды.

1971 жылы — Жезқазған мыс балқыту зауыты — «Жезказганцветмет» ӨБ іске қосылды.

1992 жылы — Қазақстан үкіметі «Жезқазғанцветмет» АҚ деген атаумен компания құрды. Кейін жекеменшік иелігіне өтті.

1995 жылы — Компанияны Корейдің Самсунг корпорациясы басқаруға кірісті. 1996 жылы Самсунг корпорациясы Қазақмыс компаниясы акциясының 40 пайызын сатып алды. Кейін оны сатып жіберді.

1997 жылы — Компанияға жаңа атау берілді — «Қазақмыс», корпорациясының қалыптасу кезеңі жүрді. 2005 жылға дейін компания даму кезеңін бастан кешті. Қазақмыс әлемдегі мыс өндіретін ірі интеграциялық компанияға айналды.

2005 жылдың қазаны — «Қазақмыс» өз акциясын Лондон қор биржасына орналастырған Қазақстандағы тұңғыш компания атанды.

2006 жылы — «Қазақмыс» Қазақстан экономикасының дамуына ықпал еткісі келетінін көрсету мақсатында өз акцияларын Қазақстан қор биржасына шығара бастады.