Насихат... Жеті бұтақ
Ахмет Шәмседдин Мармарауи хазрет бір сұхбатында шәкірттеріне: «Мұқият тыңдаңдар» деп мынадай насихатын айтты: «Адамның көңілінде һауа (жаман қалау) деген ағаш өседі. Оның жеті бұтағы бар. Әр бұтағы бір тарапқа бағытталған. Біріншісі көзге, екіншісі тілге, үшіншісі көңілге, төртіншісі нәпіске, бесіншісі басқа адамдарға, алтыншысы дүниеге, жетіншісі ахиретке бағытталған. Әр бұтақтың өзіне тән жемісі бар. Көзге қатысты бұтақтың жемісі харамға қарау. Тілге қатысты жемісі басқаның айыбы мен жамандықтарын өсектеу, ғайбат айту. Көңілге қатыстысы басқаларды жек көру, дұшпандық ету. Нәпіске қатыстысы күмәнді нәрселер және харам мен мәкрух істеу. Адамдарға қатыстысы өзін өзгелерден үстем санау, оларды қор, төмен санау. Дүниеге қатыстысы тамақ, жұмыс, мал-мүлік, мақам құштарлығымен ұзақ өмір сүруді армандау. Ахиретке қатыстысы болса, өкініш. Адамда һауа, яғни жаман қалаулардың тамыры бақи, тұрақты қалушы болып табылады. Әрине, жас бұтақтар жеміс береді. Бірақ, Аллаһу та’аланың әмірлерін орындап, тыйым салғандарынан сақтанатын болса, һауа ағашы көңілден шығады. Жаман мінездер кетіп, орны көркем мінездермен алмасады. Бұл болса бір мүршидтің (ғалымның) жол көрсетуі арқылы мүмкін болады».
«Әй, Жанатай, қалай ойлайсың?..»
Жанатай батыр жауды бөгеуге жалғыз қалған Арқандар есімді бауырын қалмақтар өлтіргенін көргенде 500 жауынгермен 10 000 қалмақтың ортасына шауып кіріп, соғыс салыпты. Осы шайқаста қарны ақтарылған Үйсінбай батыр ішек-қарнын жинап алып: «Әй, Жанатай, қалай ойлайсың, ақтарылған қарынмен өмір сүруге бола ма?» деп соғыса беріпті. Ұрыстың соңында Жанатай мен оның ұлы Тоқыш және 18 сарбаз ғана тірі қалады. Жанатай атынан түсіп ұлына беріп тұрып: «Қоршаудан қалайда бұзып шығып, үйге қайт, әйтпесе менің кегімді алатын ешкім қалмайды» деген екен. Жанатай батырдың қаза тапқанын естігенде Абылай хан: «Мұқалмас қара болат қылышым еді» деп жылапты.
Ш.Уәлиханов, Шығармалар жинағынан.