Сұхбат ... Керахат (мәкрух) уақыттары (1)
Намаз оқу тахриман мәкрух, яғни харам болған үш уақыт бар: Бұл үш уақыт «Керахат уақыты» деп аталады. Бұл үш уақытта басталған парыздар сахих болмайды. Нәпілдер сахих болса да, тахриман мәкрух болады. Бұл үш уақытта бастаған нәпіл намаздарды бұзу, басқа уақыттарда қаза ету керек болады. Бұл үш уақыттың біріншісі күн шығарда басталып, 40 минутқа созылатын уақыт. Бұл уақыттың соңына «Духа уақыты» және «Ишрақ уақыты» деп айтылады. Сол себеппен мұсылмандар айт намаздарын бүкіл әлемде күн шығып, керахат уақыты өткеннен кейін оқиды.
Керахат уақытының екіншісі, күн дәл төбеде (зауал) тұрған кезде болады. Бұл кезде де бесін намазына кіріп кетпей күннің дәл төбеден батысқа қарай аууын күту керек. Күннің дәл төбеге келуі аспандағы шәриғи зауал мекені болған шеңбердің ішінде болуы дегенді білдіреді. Яғни, шынайы зауал уақытынан тәмкин уақыты мөлшерінше бұрын және кейін болған екі уақыт арасындағы мерзім. Бұл уақыт Алматы үшін бесін намазынан 20 минут бұрын басталады.
Күннің батуынан 40 минут алдын үшінші керахат уақыты басталады. Күннің батуы оған тіке қарай алатындай сарғая бастаған уақытынан батқанға дейін өтетін уақытты қамтиды. Бұл уақыттың мөлшері Алматы секілді 43° (градуста) болған елді мекендер үшін 40 минут пен 45 минут арасында өзгеруде. Бұл уақыттың бастауына «Исфирари шәмс» шемесе «Керахат уақыты» деп айтылады.
(жалғасы ертең)