Құрметті оқырман!
Тағы бір жаңа жыл, тағы да жаңа күн басталды. Жеке қалып, санаңа сүңгіп ойыңа шомыла кеткенде, уақыттың көз ілеспес жылдамдықпен зырғып бара жатқанын байқайсың. Десе де өткен күндерден, уақыттардан әрқайсымыз өз еншімізді алуымыз керек. Ол еншіміз – білім! Кешегі күннен не алдыңыз, не үйрендіңіз? Артық уақыт жоқ деп өзімізге шегелеп шектеу қойсақ та, күніге әлеуметтік желіде айтарлықтай уақыт жоғалтатынымыз анық. Бірақ, жарты сағаттай парақтап кітап бетін ашуға ерінеміз. Адамның назарын ашып, кемелденуге жол салатын - діни білім, әдебиет және мәдениет білімі. Ал қолыңыздағы «Түркістан күнтізбесі» әр күніңізді әсем етіп бастауға, бір күнде бір жаңа мәлімет алуға таптырмас оқу құралы. Үстеліңіздің үстінен алақандай ғана орын алатын бұл күнтізбеден өзіңізге белгілі көкейіңізде жүрген діни сұрақтың жауабын да табасыз, әдебиет әлеміне еніп, мәдениет майданынан өз сыбағаңызды аларыңыз да анық. Өзіңізге ұнаған тақырыпты қайталап оқып, көңіліңізге қонған тұсын қағаз бетіне түртіп алсаңыз да болады. Бір жылға 365 түрлі мәлімет рухани азық болары хақ.
Хадис шәрифтерде де былай делінген:
«Ілім үйрену әйел-еркек барлық мұсылманға парыз» (Бәйһақи).
«Бесіктен мазарға дейін ілім үйренуге тырысыңдар!» (Шира).
«Ілім – Исламның өмірі, иманның тірегі» (Әбушшәйһ).
«Ешкім сауатсыздығымен құрметті болмайды, ал ілімімен масқара болмайды» (Аскери).
«Қай жерде ілім бар болса, сол жерде мұсылмандық бар» (С.Әбәдия).
Пайда ойлама ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
(Абай)
«Түркістан күтізбесі» 2023 жыл.