Сұхбат... Намазды тастап, қайта бастау
Сұрақ: Ел ішінде «Намазды бастап тастау, сосын қайта бастап қайта тастау намазды мүлдем оқымағаннан да үлкен күнә. Тастағаннан кейін қайта бастау күнә болады», деп айтылып жатады. Тастап кетуім мүмкін деген күмәні бар адамның намазды мүлде бастамағаны жақсы ма?
Жауап: Жоқ, бастамауы жаман болады. Тағы да күнә істеймін деп тәубе етпеуден де жаман болады. Бұл «бәрібір кірленеді ғой» деп ыдысты жумауға ұқсайды.
«Тастағаннан кейін қайта бастау күнә болады» деген сөз өте қате сөз. Тастағаннан кейін қайта бастау парыз, үлкен сауап. Күнә болғаны намазды бастау емес, намазды біле тұра тастап кету. Намаз оқымау қалған амалдарға кері әсерін тигізеді. Бір хадис шәрифте былай делінеді:
«Әдейі (себепсіз) намаз оқымағанның қалған амалдарын Аллаһу та’ала қабыл етпейді. Тәубе еткенге дейін Аллаһтың панасынан ұзақ болады». (Исфахани)
Имам Раббани хазрет те былай дейді:
«Қияметте бірінші намаздан сұрау болады. Намаз дұрыс болса, қалғандарының есебі Аллаһу та’аланың жәрдемімен оңай болады». (2/67)
Хикмет...Жетістік деген не?
Бір күні хазреті Әбу Бәкір Суси шәкірттерінен: «Жетістік деген не, білесіңдер ме?» деп сұрайды. Шәкірттері: «Білмейміз ұстаз», дейді. Ұстаздары: «Жетістік – өлгеннен кейін ахиретке пайдасы тиетін нәрсе. Бір нәрсенің ахиретте пайдасы жоқ болса, оған жетістік делінбейді. Жетістікке жеткен адам деп өзін тозақ отынан сақтаған адамға айтылады. Өзін тозақ отынан сақтай алмаған адам не істесе де жетістікке жеткен боп есептелмейді.