Күннің тарихы... Мәншүк Мәметова
Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова — қаһарман қазақ қызы, Кеңес Одағының Батыры (1944).
1922 жылы Орал облысы, Бөкей Ордасы ауданында дүниеге келіп, 1943 жылы қазанның 16-ы қаза тапты.
Шын есімі Мәнсия. Анасы еркелетіп Моншағым дей бергеннен, Мәнсияның тілі келмей өзін Мәншүк деп кеткен.
Байұлы тайпасы Шеркеш руынан шыққан.
Мәншүктің өз әкесі – Жиенғали Мәметов. Бірақ Жиенғалидің інісі Ахмет Мәметовте бала болмаған соң, 1925 жылы Мәншүкті сол кісінің қолына берген.
Ахмет Саратов қаласында оқып жүргендіктен, Мәншүкті өзімен бірге сол жаққа алып кетеді. Көп ұзамай аласапыран заман басталады да, Ахмет бірнеше жыл ағасымен хабар алыса алмай қалады. Кейін 1931 жылы Алматыға келгеннен соң, жылдың соңында бір-ақ естиді: ағасы Жиенғали аштықтан көз жұмған екен. Ахмет Мәметов – қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі, өзі Алашордашы, Бейімбет Майлин, Құдайберген Жұбановтармен жақын араласқан. Сондықтан да 1938 жылдың қаңтар айында ұсталып кетеді.
Ахметтің әйелі Әмина Мәметова – Әбілхайыр ханның тұқымы. Атасы молда, әкесі елге сыйлы адам болған, өзі патша заманында әйелдер гимназиясында оқыған, Саратовта аспирантура бітірген, елге келген соң әдебиет пәнінің мұғалімі болып, сол кездегі газеттерге сыни мақала жазып тұрған.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мәншүк Алматы медициналық институтында оқып жүрді.
1942 жылы тамызда ол өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-нші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты.
Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және тобында батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты.