Әңгіме... Құдай қаласа да, қаламаса да ұйықтаймын (1)
«Ақтөбеден елге (оңтүстікке) ауысып келген кезім. Он совхозды құрамына алған ауыл шаруашылығы басқармасының құрылыс бөлімін басқардым.
Шаруаның көптігінен шаршап, облысқа есеп беріп үйге келгеннен кейін анама айттым: «Апа, мені таңертең оятпай-ақ қойыңыздаршы. Түске дейін ұйықтайын». Сонда анам: «Құдай қаласа» деді. Енді мен ол кезде Құдай жоқ деген заманда өскен баламын, анама қарап: «Құдайыңызға сәлем айтыңыз. Қаласа да, қаламаса да ұйықтаймын» дедім. Сонда анам жанұшыра: «Уа, Жаратқан! Жіберетінің болса маған жібер. Баланы тусаң да мінезін тумайсың. Айтып тұрған сөзін қара» деді.
Сонымен ұйықтап қалдым. Сол кезде әйелім қазір дәрігер боп істейтін қызыма екіқабат кезі. Айы-күні жақындап тұрған. Түнгі үште оятады. Мен: «Не болды түннің жарымында?» деймін. Әйелім: «Анау балалар жөтеліп жатыр, көрші» дейді. Үйіміз фин үлгісінде салынған ағаш үй болатын. Қабырғасының барлығы ағаштан жасалған. Содан дереу залға барып, есікті ашсам, үй өртеніп жатыр. Көршілерді шақырдық. Содан не керек таңғы сағат 6:30-ға дейін дүниені шығарып біттік қой. Сонымен екі сағаттың ішінде үй ортасына түсті.
Таңғы асымызды кешке бір-ақ іштік. Ас ішіп отырғанда анам: «Қалай балам? Құдай қаласа да, қаламаса ұйықтайсың ба?» деді. Мен онда да сенген жоқпын. Кездейсоқтық дедім де, анамның көңіліне қарап, үндемедім. Үйді орнына келтіруге болатын-болмайтындығын көруге барайын десем, анам да еріп шықты. Содан мен: «Апа, не қыласыз, ақ қар көк мұзда» дедім. Ол кісі: «Жоқ, мен де барамын» деді. Ақпан айының 25-і күні болатын. Сонымен бардық. Көрші үйден күрек әкелдік: «Мына араны қаз» деді анам. Біздің бөлмеміздің тұсын қаздым.
жалғыс ертең...