Untitled Document

Аңыз... Он жұмбақ

Төле би тоқсан жасқа келгенінде Қаз дауысты Қазыбек сәлем бере барыпты. Елдің жақсылары, шешендер, ойшылдары жиналып, әңгіме-дүкен құрып отырғанында:

  • Қаз дауысты Қазыбегім келді. Бәрің түгел жиналдыңдар. Сендерге айтар он түрлі жұмбағым бар, соны шешіңдер, - дейді Төле би.
  • Айтыңыз, айтыңыз?
  • Айтсам, он түрлі жұмбағым мұнау: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз,тоғыз, он.

Отырғандар таң-тамаша болады.

  • Бұл не деген жұмбақ! Осындай да жұмбақ бола ма?
  • Төке, жұмбақты мен шешейін, рұқсат етіңіз? – дейді Қаз дауысты Қазыбек.
  • Рұқсат, рұқсат.
  • Бір дегеніміз – бірлігі кеткен ел жаман.
  • Екі дегеніміз – егесіп өткен ер жаман.
  • Үш дегеніміз – үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман.
  • Төрт дегеніміз – төсектен безген жас жаман.
  • Бес дегеніміз – белсеніп шапқан жау жаман.
  • Алты дегеніміз – асқынып кеткен дерт жаман.
  • Жеті дегеніміз – жас келіншек жесір қалса сол жаман.
  • Сегіз дегеніміз – серпілмеген қайғы жаман.
  • Тоғыз дегеніміз – торқалы той, топырақты өлімге бас көрсетпесе сол жаман.
  • Он дегеніміз – оңалмас кәрілікке дауа болмас деген, - деп сөзін аяқтайды Қаз дауысты Қазыбек.
  • Рахмет, дәл тауып шештің. Ойы да тілі де жүйрік тұлпарым, -деп Төле би Қазыбекке разы болыпты.