Сұхбат... Ұмытылған немесе қалып кеткен кейбір парыздар мен сүннеттер (3)
Пайғамбарымыз жасаған істерді «Сүннет» деп атайды. Сүйікті пайғамбарымыз бір хадис шәрифінде айтқан: «Ұмытылған бір сүннетімді қайта жандандырған адамға жүз шәһид сауабы беріледі». (Хаким)
Алдымен сүннеттің екі түрлі болатынын айта кетейік:
1) Сүннети худа (муәккәд сүннеттер).
2) Сүннети зауаид (әдетке байланысты сүннеттер).
Ұмытылған муәккәд сүннеттердің кейбірлері төмендегілер:
1) Пайдалы істі бастарда «Бисмиллаһ» айту.
2) Истишара жасау (ақылдасу) және истихара намазын оқу.
3) Қарыз бергенде екі куә шақыру немесе келісім-құжат жазу.
4) Жұма күні ғұсыл құйыну.
5) Дәретте аяқ-қолды үш реттен жуу.
6) Дәрет алғанда басты толықтай мәсіһ ету (бұл Малики және Ханбали мазһабтарында парыз).
7) Дәрет аларда мисуак қолдану.
8) Екі адам болса да парыз намазды жамағатпен оқу.
9) Намазды сәлдемен немесе тақиямен оқу.
10) Ишрақ (күн шыққаннан 55-60 минуттан кейін оқылатын 2 рәкат), Дұха (2 рәкат), Әууәбин (ақшам намазынан кейін оқылатын 4 немесе 6 рәкат намаз), Тәһәжжуд (түнде тұрып оқитын 2 рәкаттан 12 рәкатқа дейін оқылатын намаз), Тахиятул мәсжид (мешітке кіргенде оқылатын 2 рәкат намаз), Субха намазы (дәрет немесе ғұсыл алған соң оқылатын 2 рәкат намаз) оқу.
11) Дұға еткенде қолды сүннетке сай жаю.
12) Түшкіргенде «Әлхамдулиллаһ» деу.
13) Сүннетке сай сәлем беру.
14) Төсекке дәретті болып жату.
15) Өлім хабарын немесе жаман жаңалық естігенде «Инна лиллаһи уә инна илайһи ражиун» деу.