Untitled Document

Құрбандық ... Құрбандықты қашанға дейін союға болады?

1- Құрбандық малды айттың үшінші күні күн батқанға дейін союға болады. Айт намазынан бұрын союға болмайды.

2- Жұма намазы оқылмайтын «мәзра» деп аталатын кішкентай ауылдарда фәжрден (таң шуағы ағарғаннан) кейін, яғни айт намазынан бұрын да союға болады. Түнде құрбандық сою рұқсат болса да мәкрух болады.

3- Шафии мазһабында айттың төртінші күні де союға болады. Бірнеше адамға уәкіл болып бір себептермен (үзірмен) айттың үшінші күні де құрбандық соя алмаған адам шафии мазһабын тақлид етіп төртінші күні де союына болады.

4- Нәпіл, ақиқа және аталған (нәзір) малды кез-келген уақытта союға болады. Бірақ құрбан айтта сойған жақсы болады.

5- Айт жұма күніне тура келетін болса да, құрбандық мал айт намазынан кейін сойылады.

6- Құрбан айттың үшінші күні кедей болатынын немесе сапарға шығатынын білетін адамға бірінші күні құрбандық шалу уәжіп болмайды. Сойған жағдайда уәжіп етіп орындаған болады.

7- Кедей кісі айттың бірінші күні бір қошқар алып сойғаннан кейін үшінші күні байыса, қайтадан құрбандық шалуы керек емес. Уәжіпті орындаған болады. Үшінші күні бай болатынын білетін адам да құрбандығын бірінші күні союына болады.