Ертең ... Арапа (арафа) күні мен түні
Арапа күні – құрбан айттың бірінші күнінің алдындағы күн. Арапа түні – арапа күні мен құрбан айттың бірінші күні арасындағы түн. Барлық қасиетті түндер сияқты бұл түнді де қадірлеуіміз керек. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Арапа күнін құрметтеңдер! Өйткені, арапа – Аллаһу та’ала қадірлеген күн».
«Арапа күні ораза тұтқан адамның екі жылдық күнәлары кешіріледі. Бірі өткен жылы, екіншісі келер жылдың күнәлары».
«Арапа күні 1000 рет Ықылас сүресін оқыған адамның барлық күнәлары кешіріледі және дұғасы қабыл болады». (Барлығын бисмилләһпен оқу керек).
«Арапа түні ғибадат жасағандар тозақтан босатылады».
Мәлімет ...Құрбандық қалай сойылады?
Құрбандық малдың көзі байланады. Құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызылады. Үш рет құрбан айт тәкібірі айтылады. Сосын «Бисмиллаһи Аллаһу әкбар» деп тамағынан бастап сойылады. Кеңірдегі, өңеші мен екі жағында екі қан тамыры болады. Осы төртеуінің үшеуі бірдей кесілуі керек. Құрбандық тек қой, ешкі, сиыр және түйеден болады. Басқа жануарлардан немесе құстардан құрбандық болмайды.
Бір көзі көрмейтін, ақсақ, тістерінің жартысы жоқ, көзінің, құлағының және құйрығының басым бөлігі, алдыңғы немесе артқы бір аяғы кесілген, өте арық мал құрбандыққа шалынбайды.
Құрбандық еттің үштен бірін үйіне, үштен бірін көршілеріне, қалғанын кедейлерге беру мүстаһаб. Барлығын кедейге беруге немесе барлығын үйде қалдыруға да болады. Терісі намаз оқитын кедей адамға беріледі немесе үйде қолданылады.