Untitled Document

Ерік-жігер... Жаңа әдет қалыптастырудың 7 кезеңі

1. Шешім қабылдау

Қай бағытта әрекет етіп, немен айналысатыныңызды анықтап алыңыз. Мәселен, ұйқыдан ерте оянып, жаттығу жасағыңыз келсе, оятқышыңызды белгіленген уақытқа қойыңыз. Қоңырауды ести салысымен бірден тұрып спорттық киіміңізді киіңіз. Жаттығуларды мейлінше сыртта жасаңыз.

2. Сылтау мен шектеулерден аулақ болыңыз

Жаңа әдет қалыптастыру кезінде сылтаулар мен шектеулерден бас тартыңыз. Өзіңізді ақтап алатын мысалдарды іздемеңіз. Босаңсып кетуден аулақ болған жөн. Таңғы 6-да ұйқыдан тұрамын деп шешсеңіз, дәл сол уақытта ояныңыз. Бұл сіздің әдетіңізге айналып, өз еркіңізден тыс орындалатындай жағдайға жету керек.

3. Бұл жайлы таныстарыңызға айтыңыз

Өміріңізді өзгертіп, жаңа әдет қалыптастыруға бел байлағаныңызды өзгелерге де айтыңыз. Басқа адамдар сізді бақылаған кезде, бойыңызға ерік-жігер еселене түседі.

4. Ойша образ жасаңыз

Қабылдаған шешім бойынша әрекет етіп, жетістікке жеткеніңізді елестетіңіз. Нәтиже мен әдетті қаншалықты жиі ойласаңыз, санаңыз да мұны жылдам қабылдайды.

5. Өз жетістігіңізді қайталаңыз

Күнделікті ішіңізден қабылдаған шешімді қайталап отырыңыз. Тіпті керемет нәтижеге жеткендей ой қалыптастырыңыз. Мұндай қайталаулар жаңа әдеттің жылдам қалыптасуына әсер етеді.

6. Шешіміңізден ауытқымаңыз

Жаңа әдет бойыңызда автоматты түрде орындалғанша қайталай беріңіз. Бұл күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналуы тиіс. Егер мұны жасамасаңыз өзіңізді жайсыз сезінетіндей болуы тиіс.

7. Өзіңізге сыйлық беруді ұмытпаңыз

Талпыныстарыңыз бен әрекеттеріңіз үшін өзіңізді марапаттап қойыңыз. Осылайша қабылданған шешім мен жаңа әдеттің дұрыс екендігіне көзіңіз жетеді. Санаңыз да бойыңыздағы жаңа әдетті рахаттану сезімімен байланыстыратын болады. Нәтижеге жету барысында өзіңізге жағдай жасайсыз.