Untitled Document

Ғибрат... Мұраға қалған 8 мың алтын

Имам Ағзам Әбу Ханифа хазретпен бір дәуірде өмір сүрген ұлы ғалым Дауд Таи хазретке бір күні бір әйел келеді. Күйеуі қайтыс болып, қолында мұрагерлері арасында үлестірілуі керек болған 8 мың алтыны бар еді. Бүгінгі есеппен бірнеше котедж құнына тең келеді.

Фәраиз (біреу қайтыс болған кезде қалдырған байлықтың кімдерге берілетінін және қалай үлестірілетінін үйрететін ілім) есептей алатын адамдар біледі. Фәраиз ілімі білемін дейтін адамдардың өзі есебін шығара алмай қиналатын ілімдердің бірі. Әлгі әйел өзінің және күйеуінің туыстарын санай бастайды. Дауд Таи хазрет есептейді. Ұзақ уақыт есептеп, нәтижені шығарады. Соңында әйелге түсетін үлес бір ғана алтын болады.

8 мың алтыннан өзіне 1 ғана алтынның қалғаны әйелге ұнамайды. «Бұл іс бұлай болмауы керек» деп Имам Ағзам хазретке барып былай дейді: 

– Күйеуімнен 8 мың алтын қалған еді. Дауд Таи хазретке барғанымда маған 1 ғана алтынның берілетінін айтты.

Имам Ағзам біраз уақыт ойланып, санай бастайды:

– Сенің пәлен туыстарың бар, ал күйеуіңнің пәлен туыстары бар, солай емес пе?- дейді. Әйел таң қалады.

– Иә, бірақ мен сізге бұларды айтқаным жоқ қой. Сіз қайдан білесіз?- дейді. Имам Ағзам хазрет таң қалдыратын мына жауапты береді:

– Дауд Таидың есебіне сенгенім үшін есепті кейін қарай санап шықтым. 8 мың алтыннан саған 1 алтын қалған болса, демек туыстарыңның саны осыншалықты болғаны.