Тарих... Хазреті Әйюб Сұлтанның қабірі
Османлы сұлтаны Фатих Сұлтан Мехмет хан Стамбул жеңісінен біршама уақыт кейін ұстазы, заманының әулиесі Ақшәмседдин хазретке барады. Сұлтан: «Ұстаз, тарих кітаптарынан сахабалардың үлкені, пайғамбарымызды үйінде қонақ еткен Халид бин Зәйд Әбу Әйюб Ансаридің қабірі Стамбул қорғандарының маңында деп оқыған едім. Сол мүбәрәк кісінің қабірін табуыңызды өтінемін» дейді. Хазреті Ақшәмседдин «Мына қарсы беттегі жағалаудан нұр көрудемін. Сол жерде болуы тиіс» дейді. Патша екеуі сол жерге қарай барады. Ақшәмседдин хазрет шынар ағашының екі бұтағын сындырып, екі жерге қадайды да: «Қабірі осы екі бұтақтың арасында» дейді. Кеш ауған уақыт болғандықтан қайтып кетеді. Фатих Сұлтан ұстазына нық сенгенімен, ешкімде күмән қалмасын деген ниетпен сол түні қызметшісілеріне: «Барыңдар, Ақшәмседдин хазрет тіккен бұтақтардың ортасына мына мөрімді көміңдер және бұтақтарды алып жиырма қадам оңтүстікке ауыстырып қойыңдар» дейді. Таңертеңгісін патша Ақшамседдин хазретке қабір орнын қайтадан бір көрсетуін өтінеді. Барғандарында Ақшәмседдин хазрет тігулі тұрған бұтақтарға қарамастан дәл кешегі орынға барып: «Бұтақтардың орны ауысыпты, Халид бин Зәйд осы жерде жатыр» дейді де кешегі қызметшіге «Сұлтанның мөрін шығарып өзіне беріңдер» дейді. Ақшәмседдин хазрет кереметімен патшаның жүзігінің сол жерде жатқанын түсінген болатын. Бұдан кейін Фатих Сұлтан: «Енді көңілімде ешқандай күмән қалмады, бірақ толық сенімді болу үшін, тағы бір белгі көрсетесіз бе?» деп өтінеді. Хазреті Ақшәмседдин: «Қабірдің бас жағынан бір метрдей қазылғанда Бұл Халид бин Зәйдтің қабірі» деп жазылған тас шығады дейді. Қазғандарында дәл солай жазылған көктас шығады.
Фатих Сұлтан қабіріне көркем кесене және сәулетті мешіт салдырады.