Рамазан сұхбаты... Оразаның құны – фидйа
Өте кәрі немесе ауру болғандықтан өмірінің соңына дейін ораза тұта алмайтын кісілер Рамазанда ораза тұтпайды, егер бай болса, фидйа береді. Хадис шәрифте былай делінген: «Ораза тұта алмайтындай кәрі кісілер немесе жазылу үміті болмаған аурулар фидйа береді». [Нәсаи]
Фидйа – ораза тұта алмайтын дәрежеде кәрі немесе жазылмайтын ауруға шалдыққан науқастың әрбір күндік оразасы орнына кедейлерге төлейтін ақысы. Егер өзі кедей болса, фидйа бермейді, орнына дұға етеді. Фидйа үшін бір күндік ораза орнына бір пітір мөлшері ұн беріледі. Бір пітір мөлшері ұн – 1750 гр. Бір айлық оразаның орнына 53 кг ұн беру яки осының құнына тең алтынды бір немесе бірнеше кедейге Рамазанның басында не аяғында беру керек. Фидйаны алған кедей оны өзіне де, басқаға да жұмсай алады. Фидйа бергеннен кейін ораза тұта алатын денсаулыққа қауышқан науқас тұтпаған оразаларының қазасын тұтып береді. (Наһр-ул-фаиқ)
Ауру, кәрілік сияқты бір себеппен Рамазан оразасын тұта алмаған бай кісілердің бұл жағдайлары өмір бақи жалғасатын болса, кедейлерге ас берілуін өсиет етеді. Мұрагері осы өсиет бойынша оның тұта алмаған әрбір күндік оразасы үшін кедейге фидйа береді.
Рамазан сұхбаты...Су берген сусыз қалмайды
Сахабалар: Йа Расулаллаһ! Ораза ұстаған бір адамға ауызашар беріп тойдыра алатындай барлығымыз бірдей бай емеспіз дегенінде пайғамбарымыз (алейһиссалам): «Бір құрмамен аузашар бергенге де, тек сумен ауыз аштырғанға да, сүт бергенге де осы сауап беріледі. Бұл сондай ай: алғашқы күндері – рахмет (мейірім), ортасы – кешірім мен мағфират, соңы – тозақтан азат болу. Бұл айда, қол астындағыларының (жұмысшы, қызметші, әскер, оқушы т.б) міндеттерін жеңілдеткендерді (директорлар, бастықтар, қолбасшылар, капитандар т.б) Аллаһу та’ала кешіріп, тозақ отынан құтқарады. Бұл айда төрт нәрсені көп жасаңдар! Олардың екеуін Аллаһу та’ала өте жақсы көреді: шаһадат кәлимасын айту және истиғфар ету. Ал қалған екеуін әрқашан орындауларың керек. Олар: Аллаһу та’аладан жұмақты тілеу және тозақ отынан сиыну. Бұл айда ораза тұтқан бір адамға су берген адам қиямет күні сусыз қалмайды».