Untitled Document

Рамазан сұхбаты ... Қадір түні

Қадір түні Рамазан айының ішіндегі Құран кәрімде мадақталған ең қадірлі түн болып табылады. Аяти кәримада: «Қадір түні мың айдан қайырлы» делінген. Құран кәрім Расулуллаһқа осы түні түсе бастады. Рамазанның соңғы он күнінде және түндерінде іздеу керек.

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Аллаһу та’аланың дәргейінде ең қадірлі түн – Қадір түні».

«Қадір түнінде бір рет «Қадір» сүресін оқу Құран кәрімді хатым етуден де сауапты. Бұл түні қой сауымындай уақыт намаз оқу, ғибадат ету бір ай барлық түнді ғибадатпен өткізгеннен де артық».

«Қадір түнін сеніп және сауабын күтіп ғибадатпен өткізген адамның өткен барлық күнәларын Аллаһу та’ала  кешіреді».

«Ғибадат үшін ең жақсы түн – Қадір түні. Ең қорқынышты түн қабірде болатын түн. Ең жақсы түнде ең қорқынышты түнге дайындық жасаған адамға сүйіншілер болсын».

Пайғамбарымыз Қадір түнінде «Аллаһумма иннәкә афуввун кәримун тухиббул афуа фаъфу анни» дұғасын оқуды айтқан. Мағынасы: «Ей, Раббым! Сен әрине кешірімшілсің. Кешірімді жақсы көресің, мені де кешіре көр».

Ата-бабаларымыз «әр келгенді Қыдыр біл, әр түніңді Қадір біл» деген. Рамазанның барлық түнін ғибадатпен өткізсек, Қадір түнін бос өткізіп жіберген болмаймыз.

Бұл түнді ғибадатпен өткізу үшін қаза намазды оқу керек, Құран кәрім оқу қажет, дұға және тәубе жасау керек, садақа беріп, бұлардың сауабын өлі-тірі барлық мұсылмандарға бағыштау сауап іс.